Сұрақ: Ислам дінінде қайтыс болған адамның жетісі, қырқы, жүзін беру парыз ба?

Жауап: Марқұм болған кісінің атынан ас беру, яғни, жетісі, қырқы, жүз күндігі деген секілді рәсімдерді міндетті түрде орындауды шариғат талап етпейді. Алайда, Ханафи мәзхабының ғалымдары оны жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісу үшін келгенде жасауға болатын жоралғылардың қатарына [1] жатқызады.

Әрине, қай халықта болмасын қайтыс болған адамды соңғы сапарға шығарып салуға байланысты қалыптасқан салт-дәстүрлері бар. Қазақ халқының да өмірден өткен адамға байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер тәртібі, белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік жоралары қалыптасқан. Соның ішінде, өлім-жітімде жасалатын кәде, еске алу рәсімі ретінде ас берудің ерекше маңызы бар.

Бұл жалған дүниеден бақилыққа аттанған ағайын-туыс пен жақын-жекжаттарды еске алып, аруағына бағыштап ас беру – халқымыздың айнымас дәстүрлерінің бірі. «Өлі риза болмай тірі байымайды» деген ұғыммен тамырлас бұл үрдістің мазмұны — бақиға көшкен ата-­баба рухына ізінің қайырлылығын, ұрпағының разылығын білдіруге және сырттай желеп-­жебеп жүрулерін тілеуден туындайды.

Халқымыздың тарихында адамның дүниеден өтуі қаншалықты табиғи, тағдырлық іс болғанымен, қайғылы да, қасіретті әрі орны толмас оқиға болып саналады. Еліміздің әр аймағында мәйітті жөнелтудің түрлі дәстүрлері қалыптасқан. Олардың дұрысы да, бұрысы да немесе артық жерлері мен кем жерлері де бар.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ер адамның гинеколог болып істеуі күнә емес пе?

Өлім-жітімге байланысты өткізілетін барлық шараларға маңызды іс деп қарағанымыз абзал. Себебі, бізде қазіргі таңда мәйітті жөнелту рәсімдері үлкен шығынмен, ысыраппен, ішіп-жеумен, бәсекемен атқарылуда. Онсыз да ауыр қазадан қайғы жұтып отырған отбасына ондай шараларды өткізу ауыр әрі артық жұмыстар.

Қайтыс болған адамды о дүниеге шығарып салу, жаназасын өткізу – ағайын-туыстардың, жора-жолдастардың, жалпы айтқанда барлық мұсылман қауымның бірігіп атқаратын міндеті. Мәйітке қатысты орындалатын басты міндеттер оны жуып, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеуден тұрады.

Ал қалған істер, яғни марқұмның рухына бағыштап құдайы ас беру, садақа жасау қосымша жоралғылар қатарында. Оларды жасауға шариғат рұқсат етеді, бірақ міндеттемейді. Құдайы ас бермегеннен, марқұмның мәртебесі төмендеп қалмайды. Өйткені, Алла Тағаланың алдында пенденің қандай дәрежеде болатыны оның тікелей иманына және дүниеде істеген ізгі амалдарына байланысты.

Балғабек МЫРЗАЕВ

[1] Мубах, яғни, рұқсат етілген.

1 Пікір

  1. Ұғынықты жауап үшін көп рақмет. Нақты ақпаратпен жақсы жазылған

Пікір жазу