«Топырақ бол,
дүние сені таптап өтсін…»
Әзірет Сұлтан
Тегінде топырақтан жаралған адам, өлген соң жер қойнына қайта еніп, топыраққа айналады. Адам жаралғанда, топырағы қай жерден алынған болса, өлгенде сол жерге көміледі. Егер бір адам басқа бір жерге барып, қазаға ұшыраса, «топырағы тартып барған екен» деседі. Қайтыс болған адамды қабірге жерлегенде, қабір басына барған адамдар жерлігіне қойылып жатқан сүйектің үстіне бір шым-шымнан топырақ салады. Мұны «көптен топырақ бұйырды» деп айтады. Адамдардың мінез-құлқы мен тағдыры жайында «топырағы ауыр», «топырағы жеңіл» дейді.
Бұл «Бабалар сөзі» жүзтомдығындағы халқымыздың топырақ ұғымдарына қатысты бір дерек. Дәл осындай құнды мәліметтер А.Сейдімбектің «Қазақтың ауызша тарихы» кітабында да бар. Ондағы қисынға сәйкес, Ай апа мен Ай ата топырақтан жаралғандықтан, содан бері өлген адам жер қойнына көміліп, қайтадан топыраққа айналатын болыпты.
Сондай-ақ, әрбір дүниеге келген адам шыр етіп туғанда, жаралған жерінің топырағы бұрқ ете қалады екен. Кейін бұйырған ғұмырын жасап, дүние салғанда, қай жердің топырағынан жаралса, сол жерге көмілмек. Қазақтың өлген адам туралы «топырақ тартты», «топырақ бұйырды» дейтіні, сөйтіп мәйіт үстіне бір шым-шым топырақ салатыны да осыдан көрінеді.
Қарапайым мысал, ертеректе Сармантай руынан шыққан Батық деген би шау тартып жайлаудан көшкен кезде қатты ауырып, Ағой бұлағына қонады. Ертеңіне алып жүруге жарамайды. Өзінің ана дүниеге ұзаққа жол жүретінін сезген ол, қасында бірге еріп жүрген жолдастарына: «Алла топырақты осы жерден бұйырып тұрған шығар, енді мені қозғамаңдар, осында қойыңдар» деп өсиет айтады.
«Мен ешбір тоқа баласын өткізбеймін! Бұл жер Қаракесек-тоқа жері болып қалсын!» деп көз жұмыпты. Сонымен, Ағой бұлағы «Батық» деп аталып, кейін шаһарлы ел болыпты дейді. Бұл да болса далалық ділімізге ғана тән мінез-құлықтың бірі болса керек. Ұлт тарихын парақтар болсақ, тап осындай нешеме деректерге кезігеріміз анық.
Ал дүниеге келетін нәрестенің ана құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн болатыны, А.Сейдімбек дерегінше, тау шатқалындағы қалыпқа түскен адам бейнелі лай күн мен желге тоғыз ай, тоғыз күн қақталған соң ғана бойларына жан кіргендіктен екен.
Қош, бір бұлар емес, «топырақ танымы» яки адамның топырақтан жаратылуы түсінігі қазақтағы қаншама наным-сенімдер, ырым-тыйымар, көптеген рәсім-дәстүрлердің пайда болуына әсер еткен десек, артық емес. Қала берді, солардың денінің діни уәждемесінің осы топырақ тақырыбына барып тірелетіні көзге анық көрініп тұр.
Қариялар айтуындағы топырақтың өзінің жаралу оқиғасы да қызық-дүр. Мұның өзін дінтанулық жеке бір зерттеу нысаны етіп алуға болар еді. Қарап отырсақ, түркі-исламдық сенім бойынша оны Жаратқан ие жердегі тіршілік басталар дәуірде Тауыс бейнелі мүбәрак нұры тамшысынан жаратып, судың үстіне тастаған деп толғанады. Су мен топырақтың салмағынан қара жер шайқатылып, тепе-теңдігі бұзылып, өз кіндігін дұрыс айнала алмай қалғанда асқар тауларды жерге қазық етіп қағып, шатқаяқ жағдайды түзепті. Содан бері жер шары өз өсін мінсіз айналап тұр екен.
Тәңірінің топырақты таңдауы немесе әруақтарға құран бағыштаудың мәні не?
Ал енді адамның топырақтан жаралуы себебін халқымыздың оның сынық мінез таныту мен кішіпейілдігінен болған іс деп білетінін атап өткен жөн. Ілкіден тамыр тартқан киелі ұғымдарды жариялап келе жатқан, авторлары құрамында М.Төлеген сынды ғалымдары бар Отбасы хрестоматиясы кітаптары сериясының біріндегі қиссада ол жағдай былайша баяндалған:
«Құдай өзінің құпиясын ашып, рахани қазынасы мен шарапатын он сегіз мың ғаламға тарту үшін өзіне орынбасар жаратуды ұйғарады. Сол кезде тау-тас, орман-ағаш, от-су, аспан-жер барлығы «адамды менен жаратса екен» деп таласты. (…)
Сөйтіп барлығы таласып жатқанда, жер ғана сынықтық танытып:
– Мен мақұлық атаулының табанының астында жатамын. Ұлық Алла орынбасарын мұндай қадірсіз заттан жаратпас. Түбім – топырақ. Бүкіл күл-қоқысты маған көмеді, лас суды маған төгеді. Мен бұл құрметке лайықты емеспін, – деп ойлады. Сонда Алла тұрып… (…) …жерге қарап:
– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – деді.
Осы кезде қара жер Алладан дат сұрайды.
– Иә, Жаратушы Ием, адамды менен жаратқаныңа қарсы емеспін. Олар қанша мыңдап жерленсе де, мен олардың денесін шірітіп, тәндерін топыраққа айналдырамын. Бірақ, адам баласы ғапылдықтан күнәні көп жасайды. Олар өмірден өткен кезде, менің қойныма таудай күнәлар арқалап келеді. Сонда олардың ауыртпалығын кім көтереді? Жасаған қиянаттары мен зорлық-зомбылықтары менің де арқама батар, – деді.
– Қара жер қайғырма. Мен шебер Алламын. Олардың күнәсін жойып, саған салмақ салмауға құдіретім жетеді. Мен адам ұрпағына Құран түсіремін. Марқұм болғандардың ұрпағы әруақты еске алып, оларға құран оқытып, артынан дұға ететін болса, олардың күнәлары жойылып отырады. Сонда саған да артық жүк түспейді. Мұсылмандар әруақтарды ұмытып, оларға құран оқуды тоқтатқанша осылай жалғаса береді, – дейді. Қара жер сонда барып тыныш тапты».
Осынау баянға сүйенсек, қазақтардың әр аптаның бейсенбісінде жеті шелпек пісіріп, әруақтарға құран оқытатын салты осыдан қалыпты. Мұсылмандар әруақтарға құран оқып, дұға бағыштауды доғарғанда жер ана адамзаттың күнәсін көтере алмай жарылып жоқ болады екен деседі.
Нәсілдер сыры, Әзірейілдің жаналғыш болуы немесе өлікті жуу неге міндетті болды?
Б.Сағындықұлының «Ғаламның ғажайып сырлары» кітабындағы Адам ата мен Хау ана тарихынан сыр шертетін тарауда Құдірет иесінің Жебірейіл, Мекайіл, Исрафилді адамды жасайтын топырақ алуға жұмсағаны, алайда олардың бұйрықты тиісінше орындай алмағаны айтылады. Өз кезегінде, «Сол мезетте хазірет Әзірейілге пәрмен болды. «Барып, жер бетінен топырақ әкел», – деді.
Хазірет Әзірейіл кідірместен, тоқтамастан келіп, топырақ алуға әрекеттенді. Жер сонша нала болып, зарлады: тіпті шамадан асып, шектен шығып кетті.
Хазірет Әзірейіл айтты: «Ей, көр топырақ, асы болдың. Мен Алланың үкімі қандай болса, дәл солай орындаймын. Хақбихана уа тағалаға үш мәрте қарсы келдің. Жазықты болдың. Сенен пайда болған зат тез арада күнаһар болады», – деп, жерді шыңғыртып отырып, оның бетінен бір уыс топырақ алды. Ол алынған топырақтың реңі әр түрлі еді: ақ, кызыл, сары, көк, жасыл. Ішінде жұмсақ, қатты, жас, сор, тәтті, ащы топырақ та бар еді. Осы себепті адам баласының баршасы әр бөлек болды. Әр нәсілдің реңі мен ниеті бөлек болуы осы себептен. Жер сонша нала болып, зар илеп жылады: әуедегі құстар, судағы балықтар барлығы қосыла жыласты», – деп баяндалады бұл хикаятта.
Осынау оқиғаның одан арғы желісін ықшамдап, тұжырып берер болсақ, мұнан соң Жерді жұбату үшін Хақ Тағаладан әуез келіпті дейді: «Ей, жер, көп нала бола берме! Сенен бір нәрсе алдық. Сықпыты жаман. Уақыты келгенде, бір күні өзіңе жақсы етіп, қайтарып береміз. Қазіргі хал-ақуалынан сүйкімдірек әрі бағалырақ болады». Содан не керек, уәж үшін айтылған осы сөздің себебінен өліктерді жуу міндетті болыпты.
Бұл жерде Хазірет Әзірейілдің топырақты алып, Алла даргаһына барған сәтте естіген лебізін де сіра да айтпай кетуге болмас. Сонда Хақ Тағала: «Осы жаратқан пенделерімнің жан алушысы сен боласың» деп шешіпті. Сол кезде Әзірейіл алайһи с-салам жылап:
«Ей, бар Құдайым, бұлардың арасында күнәсіздер, әулие марқұмдар бар. Олардың барлығы мені дұшпан көреді. Барлық жан үшін өлімнен жаман еш нәрсе жоқ. Бар жаратылғанға дұшпан болып, қандай опа табамын. Бұған не ылаж-айла жасай аламын?» дегенде, Құдай Тағаладан әуез келіп: «Ей, Әзірейіл, мен оларға әртүрлі аурулар беремін, сол аурудан көреді. Бірінің өлімі оттан, бірінің өлімі судан. Көп себептерді жаратамын, барлығы сол себептерден көреді, сенен көрмейді. Өзіңді де көрмейді» деп түйіндепті.
Тұжырым орнына немесе адамды жерге көму салты қалай басталған?
Біреулер аңыз дер, екіншілері ертегі дер, мейлі, қалай десе де, бұл жерде қазақтың топыраққа қатысты дүниетанымы, мәдени-әлеуметтік призмасы, пайым-зердесін көрсету – басты міндет.
Болмаса Хәкім Абай айтқандай, «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» дегеннің кері.
Топырақтық болмысқа ой жіберсек деген бір ізгі ниет. Қалай десе де, «керек дегендер алсын, керек емес дегендерге де өкпе жоқ». Алды – жөн, арты – соқпақ. Бұл да бір қазақтың «өз сөзім өзімдікісі». Қалай десек те, көпшілікке топырақ десе, ойланарлық жайдың көптігін көрсеткіміз келді.
Мәсленки, тәңірі неге адамның бәрін топырақтан жарата бермеді? Неге бірінен-бірін туғызып, бабалар тізбегі, ата-ана мен бала, ұрпақ етіп өргізіп қойды? Құдіреті жетіп тұр ғой! Ал мұндай сауалды қойып отырған тұңғыш біз емес екенбіз.
Бір айта кетерлік жайт, «Мың сұрақ» кітабында осылай деп сұрақты тігінен қойған Мәлике деген Ұрым патшасы қызына Әбілда есімді оқымысты былай деп жауаптапты деп дерек берілген: «Әр адамды жеке дара жаратса, Ібіліс оларды тез азғыратын еді. «Адамның бәрі бір-біріне бауыр болсын!», – деп Хауа анадан өргізді».
Діни-мифологиялық сана көрінісі ме? «Иә» де, «жоқ» та дей отырып, мұны транцедентті мәдениетіміздің мәйегі ретінде атап өткен болар едік. Яғни адамдануды да, қоғамдануды да ғайыпқа тіреу, тамырын ғайыптан тарту. Сөйтіп, қандай да болмасын пендауи құбылыстың, рәсім-қатынастың мәнін құдайлық етушілік.
Ғылым тілімен айтқанда, ар-ұят, кие, ілтипат, иба-әдеп деген моралдік принциптер мен өмірге деген көзқарасты интеллектуализм орамасына орай отырып экзистенциализм арқылы беруді айтып отырмыз. Оның басты қызметі «не үшін?» деген сауалға жауап беруі болса керек. Олай жасағанның да кем қалмасы анық қой. Ендеше, сөз соңында данышпан қыз бен жігіттің одан арғы сұрақ-жауабына зейін қойып көрелік.
Мәлике: Ең алғаш топыраққа жерленген кім?
Әбілда: Әбіл. Оған дейін жер бетінде кісі өлімі болмаған еді. Қабыл інісінің өлі денесін қапқа салып, апталап арқалап жүрді. Жансыз дене борсып, иістене бастады. Не істерін білмей, абыржып жүргенде, екі қарға бір-бірімен шұқысып, біреуін өлтіріп қойды. Тірісі аяғымен жер қазып, өлгенін көмді. Қабыл осыны көріп, інісін топыраққа жерледі. Содан бастап адамды жерге көму салтқа енді.
Не деуге болады? Біздің топырақтану руханиятымыздың бір парасы осындай…
Жалғасы бар…
Абылайхан Қалназаров
Мәдениеттанушы-лингвист