ҚМДБ бастамасымен жарияланған «Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында бес бағыттың бірі «Дін мен дәстүр» бойынша Шығыс Қазақстан облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен Ұлан ауданының орталығы Қайсенов кентінде тоғызқұмалақтан облыстық сайыс өтті.
Сайыс Ұлан ауданының 90 жылдық торқалы тойына орай ұйымдастырылды. Оған республикалық және облыстық сайыстарға қатысып жүрген 80-нен астам ойыншы қатысты. Бәсекеге қатысқан тоғықұмалақ шеберлері тыңғылықты дайындықпен келіп, ойынның үздік үлгісін көрсетіп, бір-біріне нағыз қарсылас бола білді.
Шараның ашылу рәсімінде сөз алған ШҚО бас имамы Ермек Қасболатұлы: «Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ой ойыны. Шығу тарихы ежелгі кезеңдерді қамтиды. Тоғыз-құмалақ өткен ғасырларда қазақ даласындағы ең кең тараған ойын болатын. Бұл ойын адамның ақыл-ойын дамытып, тапқырлыққа баулиды. Кез келген ұлт, халық, ел, мемлекет өркениет биігіне ұмтылған сайын өзінің төл болмысын зерделеп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтап, өрісін кеңейтіп отырудың қажеттілігі жоғары» деп атап өтті.
Облыстық сайыстың жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайысқа «Уақып» қорының ШҚО өкілдігі демеушілік жасады.