Жауап: Негізінен үтір намазының рәкат санына қатысты мәзһабтар арасында әр түрлі көзқарас бар. Мәселен, маликилер бойынша үтір – бір рәкат. Үтірден бұрын екі рәкат құптан намазының екі рәкат сүннеті оқылады. Екі рәкаттан кейін сәлем беріледі де артынша «фатиха» сүресімен бірге «муауиззатәйн», яғни «Фалақ» пен «Нас» сүреслері оқылады.
Ханбалилердің ойынша да үтір – бір рәкат. Осыған қатысты Имам Ахмад: «Біз үтір намазы бір рәкат деп білеміз. Алайда, біреу үтірді үш немесе одан да көп рәкат етіп оқыса онда тұрған ешнәрсе жоқ», – деген.
Шафиғилердің көзқарасы бойынша үтір намазының ең азы бір, ең көбі – он бір рәкат. Әрине, бұл мәзһабтардың сүйенген дәлелдері жоқ емес. Енді өзіміздің ханафи мәзһабының көзқарасы мен сүйенген дәлелдеріне қысқаша тоқтала кетейік.
Біздің мәзһабымыз бойынша үтір намазы – үш рәкат. Ол шам намазы секілді оқылады. Яғни екі рәкаттан кейін емес үшінші рәкаттан кейін ғана сәлем беріледі. Бұған мұсылмандардың анасы Айшадан (Алла ол кісіге разы болғай!) риуаят етілген мына хадис дәлел: «Алла елшісі (с.ғ.с.) үтір намазын үш рәкат етіп оқитын және үшінші рәкаттан кейін ғана сәлем беретін. Омар ибн Хаттаб та осылай оқитын. Мәдина халқы да осыны өздеріне үлгі етіп алған». Бұл хадисті Хаким «Мустадрак» атты хадис жинағында риуаят еткен. Ол былай дейді: «Бұл хадис Бухари мен Муслимнің хадисті таңдау шарттарына сай келеді. Алайда олар бұл хадисті алмаған» (У. Зухәйли. әл-Фиқһул исләми уә әдиллатуһу. 2-т. 133-б. ). Осыған қатысты Хубайбтан жеткен тағы бір риуаятта Хасан әл-Басридан: «Абдулла ибн Омар үтірдің екі рәкатынан кейін сәлем беретін бе еді?», – деп сұраған кезде ол: «Ибн Омарға қарағанда Омар фиқһты жақсырақ білген. Ал Омар үтірде тәкбір айтып үшінші рәкатқа тұратын»,- деп жауап берген («әл-Мустардрак әла ас-Сахихәйн», 1т., 303-б.). Мухаммад ибн Хасанның риуаят еткен Әнаса ибн Мәліктің «Муаттасында» да Омар ибн Хаттабтан үтір намазын үш рәкат оқығандығына қатысты риуаят бар. Имам әт-Тирмизи де Пайғмабарымыздың (с.ғ.с.) білім иесі бірқатар сахабалар және өзге де көптеген кісілердің үтірді үш рәкат оқығандығын айтқан (Тирмизи. Сунан. 2-т., 323-б. ).