Жауап: Ислам дінінің әдебі бойынша жүзіктер: неке жүзігі, сөз байласу жүзігі, мерейтой жүзігі, т.б. болып бөлінбейді. Жүзік жайында дінімізде ер кісілердің күміс жүзік, әйелдердің алтын, күміс, т.б. жүзік тағуына болады делінген. Ал алтын жүзік ер кісілер үшін төрт мәзһабта да харам болып саналады.

Неке жүзігін тағу әдеті батыстан келгені рас. Дегенмен жылдар бойы халқымыздың дәстүріне сіңісіп, тұрмыстық әдет ретінде қалыптасып кеткен. Неке жүзігін тағудың шариғатқа ешқандай қайшылығы жоқ. Ең бастысы ер азаматтар жоғарыда айтылғандай, неке жүзігі ретінде алтын жүзік тақпауы қажет. Қоғамымызда неке жүзігінен басқа да шариғатымызға қайшы келмейтін батыстан келген көптеген әдеттердің бар екені жасырын емес қой. Мысалы, ер азаматтарымыздың киіп жүрген костюм-шалбар үлгісі, үстелге отырып тамақтану, ұялы телефон, көптеген технологиялық жаңалықтар т.б. секілді. Бұлардың дінге ешқандай қайшылы жағы жоқ. Ең бастысы, Ислам діні қойған талаптарға сай болса, қай елден келген дәстүр болса да қолдануға болады.

Дегенмен, бұл жерде ниет те маңызды. Егер неке жүзігін жай ғана үйленудің нышаны ретінде тақса, әбестігі жоқ. Ал егер батысқа немесе басқа дін өкілдеріне еліктеу ниетінде болса, онда бұл әрекет дұрыс емес болады. Себебі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Кім бір қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан саналады» (Әбу Дәуід, Сүнен) деп айтылған. Яғни өзге діндегілерге ұқсау мақсатында жүзік тақса, бұл шариғатқа қайшы. Оның тысында ешқандай қайшылығы жоқ. Ал қазіргі таңда жүзік мәселесі діни нышан болмағандықтан, оны тағудың ешқандай зияны жоқ. Тіпті көп жағдайларда ол адамның үйленген екенін көрсететіндіктен, басқа біреуге көз салудың да алдын алатын пайдасы бар. 

Пікір жазу