Мәшһүр сахаба Әлидің (оған Алла разы болсын): «Айтпаған сөздің иесі – сенсің, ал айтылған сөз – сенің иең», – деген екен. Адам баласы көп жағдайда отыз екі тісінен шыққан сөзінің «тұтқыны» боп жатады. Біз қысқа ғана мына өмірде қандай жетістікке жетсек те жақсы ниетіміз бен сөзіміздің нәтижесінде қол жеткіземіз. Сол секілді сынаққа тап болып жатсақ, оны да тілімізден табамыз.
Адам өмірінде тілдің атқарар рөлі өте үлкен. Тіл адам тағдырына әсер ететін жаратылыс болғандықтан, ауыздан шығар сөзге абай болу керек. Айтар сөзіміз Алланы разы ете ме, әлде ашуын шақыра ма? Сөз айтпас бұрын осыған қатты мән берген абзал.
Ғұлама Мәшһүр Жүсіп былай жырлайды:
Жамандық қайдан туар, тілден туар,
Әркімде ғақыл болса, тілін буар.
Шығарсаң бір жаман сөз ауызыңнан,
Артыңнан айдаһар боп сені қуар.
Иә, жақсылық пен жамандық алыстан келмейді. Ол тілімізден туады екен. «Әркімде ғақыл болса, тілін буар» деп Мәшһүр бабамыз жырлағандай, ақылды адам тілін жамандықтан тыйып жүреді.
Сахаба Әлидің (оған Алла разы болсын) «Айтылған сөз – сенің иең» деген тағылымды сөзінде үлкен мән жатыр. Адам аузынан шыққан сөзі арқылы жақсылыққа кенеледі. Өйткені оны жазып тұрған періштелер бар.
Алла Тағала қасиетті кітабымыз Құранда: «Адам баласының қасында, оның аузынан нендей сөз шықса да, бірін қалдырмай жазып тұратын бақылаушы періштелер бар» («Қаф» сүресі, 18-аят) деп ескертеді.
Тағы бір аятта: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және дұрыс сөз сөйлеңдер» («Ахзаб» сүресі, 70-аят) делінген. Осы ретте мына хадис еске еріксіз түседі: «Мүміннің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе, оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілімен айтады. Екіжүзді адамның тілі жүрегінің бергі жағында болады. Егер бір сөзді айтқысы келсе, айта салады, оны тексеріп көрмейді».
Халқымыз «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар» дейді. Расында, адам баласы бір ауыз сөзімен өзіне азап келтіріп қана қоймай, адамдар арасындағы жақсы қарым-қатынасқа үлкен сызат түсіреді. Адамның туралықта болуы тіліне тікелей байланысты. Ал тілі бұзылса адамның жүрегі де бұзылып, тура жолдан таяды.
Бұл туралы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Адам баласы таңертең ұйқыдан тұрғанда бүкіл дене мүшесі тілдің алдында бас иіп: «Біз үшін Алладан қорық. Шын мәнінде біз саған тәуелдіміз. Егер сен туралықты ұстансаң, біз де тура жолда боламыз. Ал егер тура жолдан тайсаң, біз де таямыз» деп айтады».
Біз бұл хадистен тіл дұрыс болса, басқа дене мүшелері де дұрыс болатынын анық аңғарамыз. Сахаба Әли (оған Алла разы болсын): «Тіл дұрыс болса, өзге мүшелер де дұрыс болады. Тіл бұзылған кезде, өзге мүшелер де бұзылады. Аз сөйлеген адам тыныштық табады, қауіпсіздікте болады» дейді.
Бір кісі Лұқманнан: «Мал етінің ең дәмді жері не?» деп сұрайды. Сонда ол малдың тілін берген екен. Әлгі кісі «Мал етінің ең дәмсіз жері не?» дегенде Лұқман тағы да малдың тілін беріпті. Мұның мәні – шынында жақсы сөз де, жаман сөз де тілден шығады. Егер тіл дұрыс болса, тәтті болмақ. Тіл бұзылса, ащы болмақ. Өйткені тіл – жүректің қызметкері.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Расында қандай да бір адам Алла Тағаланың разылығына бөлейтін бір ауыз сөз айтқаны үшін Қиямет күніне дейін Алла оған разы болады. Сондай-ақ енді бір адам айтқан сөзінің қаншалықты кесірлі екенін аңдамай сөйлегені үшін Алла Тағаланың қаһарына ұшырайды. Әрі сол бір ауыз сөзі үшін Қиямет күніне дейін Алланың оған деген ашуы басылмайды».
Қараңызшы қандай үлкен ескерту. Осы хадистен-ақ бірауыз сөздің өзі тағдырымызға қаншалықты әсер ететінін анық аңғарамыз. Алланың разылығына да, ашуына да әсер ететін сөздің салмағын бағамдай берсек болады.
Алла елшісі адам баласының көптеген қателіктері тілінің кесірінен болатынын айтқан. Тілдің кесапаттарынан сақтану үшін не істеу керек? Бірнеше амалды атап өтейік: тілді жамандықтан сақтау, көп сөйлемеу, ғайбат сөзге ермеу, ұятсыз сөздерді айтпау, сөзбен біреудің ары мен намысына тимеу, өтірік сөзден құтылу, әзіл сөзден арылу т.б.
Омар ибн Хаттаб (оған Алла разы болсын) былай деген екен: «Кімнің сөзі көбейсе, қатесі де көбейеді». Бұл – көп сөйлеу қауіпті деген сөз. Алла Тағала тілімізді жаман сөзден аман еткей. Әмин!
Бауыржан НЫҒЫЗБЕКҰЛЫ,
Өскемен орталық мешітінің бас имамы
«Мұнара» газеті, №22, 2021 жыл