Қазақстанда жалған терроризмді ауыр қылмыстар санатына ауыстыру жоспарланып отыр. Бас прокуратураның мәліметінше, 2022 жылы лаңкестік әрекеттер туралы жалған хабарламалар көбейген. Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 181 қылмыстық іс қозғалған.
“Әдетте, аталған фактілерді тексеру көп уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел тергеу топтары барады. Кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режімі бұзылады.
Бұл күш пен құралдардың айтарлықтай ауытқуына әкеледі, тексерілетін коммерциялық кәсіпорындар миллиондаған шығынға ұшырайды, терролық шабуыл туралы жалған хабарламалар адамдарды эвакуациялау кезінде дүрбелең мен құрбандыққа әкелуі мүмкін.
Құқық қорғау және арнайы органдар осындай анонимді хабарламалардың авторларын анықтау бойынша шаралар қабылдайды”, – делінген хабарламада.
2022 жылы 25 адам сотталған.
Мысалы, 2022 жылғы шілдеде Қостанай облысының тұрғыны өз көршісінен кек алу мақсатында электрондық поштасын бұзып, оның атынан Астана және Алматы қалаларының 13 нысандарына (сауда орталықтары, әуежайлар, банктер және т.б.) терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жіберген үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған.
Алматы облысында құрдастарымен бәстесіп электронды пошта арқылы 3 мектепті миналау туралы хабарлама жіберген 13 жасар бала анықталып, полицияға жеткізілген.
Бас прокуратура мәліметінше, қылмыскерлер тек ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де әрекет етеді.
“Жедел өзара іс-қимыл мақсатында шет мемлекеттермен интернет-кеңістіктегі анонимді хабарламалардың авторларына қатысты деректер алмасу бойынша Қазақстанның Бас прокуратураның үйлестірумен Будапешт конвенциясына («Компьютерлік қылмыстар туралы») қосылуға жұмыс жүргізілуде.
Сондай-ақ, Бас прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп көрінеу жалған терроризм бойынша қылмыстық жауаптылықты күшейту және құқық бұзушылықтың осы түрін «ауыр» санатына жатқызу (7 жылға дейін бас бостандығынан айыру мерзімі) туралы мәселені пысықтауда”, – деп толықтырды.