Халық тұрмысында мал терілерін қарапайым жолмен ұқсату көптен бері келе жатқан кәсіптің бірі. Халық өнеркәсіпшілігіне аса мән берген қазақ халқы тері илеп, жүн өңдеумен де шұғылданған. Елімізде өңделмеген тері көлемі өте көп. Десек те, атакәсібімізді жалғастырып, ұлттық құндылығымызды дәріптеп әрі отандық өнім тері-жүн өңдеумен айналысып жүрген мамандар жетерлік. Солардың бірі де бірегейі – «KEMELDEN» жеке кәсіпкерінің басшысы, тараздық кәсіпкер Кемелбек Әбілекұлы Әбдуәлімен сұхбаттасқан едік.
Кемелбек Әбілекұлы Әбдуәлі 1967 жылғы наурыз айында Жамбыл облысы Талас ауданының Қызыләуіт елдімекенінде көп балалы шаруа, механизатор отбасында дүниеге келген. Әжесі 96 жасында өмірден озған, атасы Ұлы Отан соғысына кетіп, оралмаған. Сол кезде қолдан жасалған ашаршылық жылдарын көрген ата-әжесі, төзімділік пен сабырлылыққа үйреніп, үйретіп, ұрпағын жалғастырған. Ол ес білгелі әжесінен тәрбие алып, даналық сөздерін үлгі тұтып, батасын алған.
Кемелбек Әбілекұлының айтуынша, ата-бабамыз тері өңдеу кәсібін жақсы меңгеріп, терісі мен жүнін брендке айналдыра білген. 1998 жылға дейін туған өңірінде бұл сала жүйелі түрде жақсы жұмыс істеп тұрған. Мәселен, Қаратау қаласында «Сүлейменсай» атты зауытта мыңнан аса жұмысшы істеген. Сол уақытта қала маңында 25-ке жуық тері өңдеу цехы болған. 1996 жылы сол кездегі Шымкент облысының Шаян елдімекенінде тұралап қалған кіші цехты ашып, тігін цехында балалар мен ересектерге арналған бас киім, көкірекше, тон және мәсі тігумен айналысқан. 1998 жылы Шымкент облысының Ақсу ауданында тері өңдейтін комбинатта қызмет еткен. 2005 жылы бес адам болып бірігіп, станоктар құрастырып тері өңдеп шығарумен айналысса, бүгінде ол жеке кәсібін дөңгелетіп, отандық тері өнімдерін шығарумен айналысып келеді.
– Бұл кәсіп сүйікті ісіңіз бе, әлде атадан қалған мұра ма?
– Аллаға сансыз шүкірлік, бұл іспен ұнатып айналысамыз. 1991 жылы інім осы салада жұмыс істейтін. Сөйтіп өзінің тонын киіп жүретін, елге де кигізетін. Қойдың терісінен осындай керемет дүниелердің шыққаны маған қатты ұнайтын. 1993 жылы інім осы саламен айналысуыма мені шақырып, содан бері бұл істен қол үзбей айналысып келеміз.
Әрине, ата-бабамыз тері-жүн шаруашылығымен ертеден бері айналысқан. Бұл іспен айналысқан адам демалады. Қойдың былғарысынан диван жиһазы, сөмке, белдік, бас киім, дубленка (тон) әзірлеп, одан ләззат алып, демаламын десем де болады. Меніңше, адамның міндетті түрде баюы емес, өз ісіне қанағаттануында. Өзім қанағатшыл жанмын.
– Сіздіңше, тері шаруашылығы елімізде қалай дамып жатыр және бұл іспен қашаннан бері айналысып келесіз?
– Тері өңдеу саласы елімізде дамымаған. Бұл атакәсіпті жастарды отансүйгіштікке, қолөнерге, оның ішінде тері өңдеумен айналысуға қызығушылығын ояту арқылы өркендете аламыз. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері осы кәсіппен айналысып, көптеген тәжірибе жинадық. Енді бұдан әрі дамыту қажет деп ойлаймын.
– Терілердің қандай түрі бар және оны өңдеуде не нәрсеге мән берген жөн?
– Қазақ халқы төрт түлік малды баққан және оның етін де көп тұтынатыны баршамызға белгілі. Негізінен тері өңдеу кәсібіне сойылған барлық мал терісі қолданыла береді. Түйенің, қой мен ешкінің жүні мен терісі, жылқы, сиыр, лақ пен қозының терісі түгел жарайды. Өкінішке қарай, елімізде тері өңдеу өнеркәсібі дамымағандықтан көптеген терілер қоқысқа тасталынып, шашылып, кәдеге аспай жатыр.
Малды сойған кезде «обал ғой» деп, терісін кесіп немесе тесіп алмаған жөн. Тоғыт қылып, көктем мен күзде жүндері қырқылуы да қажет. Терінің шикі күйінде сақталуына мән берген дұрыс. Өйткені өңдей алмаған жағдайда, ішкі және сыртқы нарыққа сата алатын күйде болады.
– Шикізаттарды қайдан аласыз және олар нарықта қолжетімді ме?
– 10 жылдан аса уақыттан бері Жамбыл облысының 70 пайыз терісін қабылдап келеміз. Оның үстіне Шымкенттен және Алматыдан меринос қойының терілерін аламыз. Жарамды терінің барлығын қабылдаймыз. Бұл салада бәсекелестер жоқ, шикізат қолжетімді. Кейде өзіміз игере алмаған жарамсыз теріні қоқысқа тастауға мәжбүр боламыз. Өңдегіміз келмесе, одан да теріні жақсылап сақтай біліп, сыртқы нарыққа шикі күйінде сатуды үйренейік…
– Дайын өнім өндіріле ме, қайда және қалай өткізесіз?
– Шаруа отбасынан шыққандықтан, бұл кәсіпті ұйымдастыру маған оңайға тимеді. Қаржы жағынан да қиындық болды. «KEMELDEN» жеке кәсіпкерін құрып, тері өндірісін қолға алып жатырмыз. Сондай-ақ «Тараз-Тері» ЖШС цех пен станоктарға орынмен, су және жарықпен қамтамасыз етіп, жағдай жасап отыр. Алайда, олардың сұранысын қанағаттандыруымыз керек. Әзірге кең көлемде цехымызды жаңартуға жағдай болмай тұр. Станоктарымыз ескі, алдағы уақытта өнімдерімізді экспортқа шығаруға да ниеттеніп отырмыз. Әр станоктың мінездемесі және химикаттың 30-ға жуық түрі болады. Оның бәрін өз орнымен қолданып, таңдай білу өте маңызды. Cонымен бірге әлеуметтік желіде Инстаграм парақшамыз арқылы да хабарласып, өнімдерімізді алып жатады.
– Қойдың жүні кәдеге жаратыла ма?
– Негізінен қойдың жүні кәдеге жаратылады. Өкінішке қарай, елімізде қой жүні шашылып жатыр. Одан сан алуан керемет нәрселер өндіруге болады. Оны жуып-шайып одан әрі өңдеу керек. Қазіргі уақытта өңдеп жатқан теріміздің артылған жүнін тастауға мәжбүрміз. Өйткені жүн өңдейтін станогымыз жоқ. Мемлекеттен қолдау көрсетілген жағдайда болашақта бұл істі қолға алсақ деген ниетіміз бар. Өйткені ол бізге тиімді өндіріс түрі.
– Бұл кәсіптің қандай қиындығы мен қызығы бар?
– Қиындық болады, әрине. Қасиетті Құранда «Ақиқатында, әр қиындықтың артында жеңілдік бар» деген аят бар. Бірақ, оны адамдар түсіне бермейді. Бұл саланың қиындығымен қоса, қызығы да жетерлік. Мұнымен айналысқан адам сезеді, біле білген адамға бұл үлкен байлық. Қаншалықты қиындығы болса, еліміз бен жастар үшін оның соншалықты берекесі де болады деп ойлаймын.
– Кəсіпкерлерді қолдау ретінде мемлекеттен қандай да бір көмек алдыңыз ба?
– Ешқан көмек алып көрген емеспін. Алсам ба деп, әрекет жасап жатқан жайым бар. Алайда, түрлі есіктерді қағып, табалдырығын тоздырған кезім де болды. Тыңдағысы келмеді, тыңдамады. Тыңдаса да, тыңдамаған кейіп танытты. Бейбітшілік заманда өмір сүріп жатырмыз, шүкір. Бірақ, Жаратқан Иеміз маған басқа қырынан да беріп жатыр. Міндетсінбей, Алла разылығы үшін өз шаруамызды өзіміз атқарып келеміз.
– Атакәсібіміз – тері өңдеу ісін жандандыруға қызығушылық танытқан жандар немесе демеушілер болды ма, мамандар жеткілікті ме?
– Атакәсіпті дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу міндетіміз. Өкінішке қарай, бұл кәсіп түріне қолдау мен қызығушылық аз, тіпті, жоқ десек те болады. Бұл салада мамандар жеткіліксіз. Шүкір, жанашыр жігіттер де бар. Бұл саламен жүрегі «Қазақ!» деп соққан жанашыр азаматтар айналысып, басы-қасында жүргені дұрыс деп санаймын. Қазаққа қазақ қана үйретіп, демеу бола алады…
– Шәкірттеріңіз бар ма және бұл шаруашылығымен айналысам деушілерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Әрине, туған бес інім бар. Ағайынды ретінде бұл кәсіппен айналысып, нәпақамызды тауып, анамызды да қуантып келеміз. Бұдан басқа, кәсіпорнымызға қаншама жұмыссыздар келіп еңбек етіп, біраз нәрсе үйреніп те жүр. Аллаға шүкір, шәкірттерім бар. Бастапқыда оларға қиын секілді боп көрінеді. Өйткені цехтағы суда жағымсыз иіс пен химиялық қоспалар болуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша кең көлемде ынтасы бар адамдарды тауып, үйретіп, мемлекет тарапынан қолдау болса, нұр үстіне нұр болып, бәсекеге қабілетті жастар шығатын еді… Ол үшін теория мен тәжірибені ұштастыра білу қажет.
Меніңше, тері өңдеу технологиясын үйреніп, қолдана білу керек. Бұл – өте керемет әрі пайдалы шаруашылық. Мемлекеттен үлкен қолдау көрсетіліп, бүгінде бұл өндірісті дамыту өте маңызды. Ал, бізге қызығушылық танытып, үйренгісі келгендерге әрқашан есігіміз ашық. Тері шаруашылығы – жұмыстың төресі, қазақ халқының айнасы дер едім.
– Өмірлік ұстанымыңыз немесе еңбекке байланысты қанатты сөзіңіз бар ма?
– Әр нәрсенің сұрауы бар, әсіресе, о дүниеде. Өйткені ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен ұлан-байтақ жерімізді ұрпаққа қалдырды. Сол аманатты сақтап қалу – парызымыз! Ұстанымым – жастар тәуелсіздігіміздің қадірін білсе екен деймін. Осыған байланысты, Түркия мемлекетінің негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүрік: «Ештеңе өндірмей тек ішіп-жей беретін ұлттар алдымен абыройынан, сосын еркіндігінен, ең соңында болашағынан айырылады.» деген екен.
Нарықтық заманда әркімнің таңдауы мен қалауы бар. Ең маңыздысы отансүйгіштік қасиетімізден танбай, атакәсібімізді дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыру қажет. Тері шаруашылығынан басқа салалар бар, соларды да дамытып қоғамға пайда келтіру өте маңызды. Оянайық, әрекет етейік! Мемлекет пен ұрпағымызға пайда келтіретін нәрсенің бірі – еңбек етіп, кәсіппен айналысу.
– Қандай жетістіктеріңіз бар?
– Бұл кәсіппен 30 жылдан бері айналысып келеміз, тәжірибеміз де бар. Жетістіктерім – әлемдік деңгейде мал терісін өңдеу технологиясын үйрендік, елімізде тері өңдеуге қай станоктарды шығаруға болатынын білдік, мал терісінің шикізат және өңделген күйінде сақталынуын, тарихымыз бен мәдениетімізді, оның ішінде атакәсібімізді шетелге таныта білдік. Сондай-ақ өз дизайным бойынша былғарыдан әзірленген диван, әмиян, белдік, бас киім, мәсі, тондар мен жүнді және жүнсіз көлік орындығына арналған тыстарды әзірледім. Өзім тігіп, өзім технологиясын жүргіземін, станоктарды да жөндеймін. Сонымен қатар, әлемдік деңгейде «менмін» деген ғалымдармен иық тіресіп сөйлесетін жағдайдамын.
– Қай елдің тері өңдеу кәсібінің даму тәжірибесін дұрыс деп санайсыз?
– Тері өңдеу саласында Германия, Италия, Франция, Пәкістан, Үндістан, АҚШ, Қытай, Қазақстан секілді елдердің барлығының қолданатыны – бір технология. Әлемде ғалымдар оны ойлап, біз үшін шығарып қойған десем де болады. Бұл әдістер – соңғы үлгі ретінде есептеледі. Әр елде тері өңдеу процесіне түрлі химикаттар, қоспалар мен майлар қолданады. Айырмашылығы сол ғана. Соңғы дайын өнім әлем бойынша бірдей. Жаңадан белесепет құрастырып шығарудың қажеті жоқ. Заманауи технологияны қолдану арқылы өнім шығаруымыз қажет.
1993 жылдары ресейлік құрал-жабдықтармен жұмыс істей бастадық. Кейіннен поляк және түрік бауырларымыздың, ал бүгінде қытай технологиясымен танысып, жұмыс істеп жатырмыз. Сондай-ақ еліміздегі әріптестерімізбен де тәжірибе алмасып тұрамыз.
– Кемелбек мырза, алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Әрине, алға қойған мақсаттарымыз бар. Тері өңдейтін зауыт пен зертханасын, тігін фабрикасын ашып, жиһаз фабрикасын іске қосу жоспарымызда бар. Сондай-ақ колледждермен әріптестік байланыс орнатпақпыз. Әлемдік деңгейге шығатын дизайн үлгілерін үйрету арқылы жастарға теория мен практиканы ұштастыруға мүмкіндік беретін жиһаз фабрикасын ашамыз деп үміттенемін. Түрлі теріден жасалған киімдерді тігетін жастарға және тігіншілерге үйретеміз.
Биыл қыркүйек айының соңында Астана қаласында жеке көрмеміз өтеді. Онда жоғарыда аталған теріден жасалған барлық өнімімізді көре аласыздар. Болашақта бұл саланы дамытып, кең көлемде дәріптесек деген ойымыз бар. Елімізде отансүйгіш, қоғамға пайдасын тигізетін жастар көп болса екен деймін.
Өмірде дүниенің соңына жеткен ешкім жоқ, керісінше дүниені адам өзінің соңынан ілестіре білуі керек, яғни жүрегіне дүниені кіргізбеген дұрыс. Солай жасаған адам – екі дүниеде де бақытты. Рухани жағынан бай, қайырымдылық істермен айналысып, садақа берген жанның өзі де, жүрегі тыныштық таппақ…
– Әңгімеңізге рақмет! Игі істеріңізге табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Сабина КӘКІМЖАН
P.S.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.
(Суреттер Кемелбек Әбілекұлының жеке мұрағатынан алынды)