Жалпы темекі Құранда айтылмаған деген сылтаумен будақтатып жүрген жігіттер іштей болса да оның денсаулыққа өте зиянды екенін біледі. Соған қарамастан, шылым сияқты жағымсыз заттарды қолдануға өзін тәуелді сезінеді. Әрине, Құранда барлық сұраққа жауап бар. Бірақ, барлық нәрсенің аты айтылуы шарт емес.
Бақара сүресінде: «…Өз бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер…» – деп адамға қай жағынан болса да зияны тиетін нәрселерге тиым салып тұр. Қала берсе, темекінің сыртына қаншалықты зиянды екенін жазылып қойған.
Ендеше, темекінің зияны жайлы мынадай сөздермен ой салсақ:
Темекіні адал деп білсең, онда неге темекіні ерніңе қыстырғанда ас-су ішкендегідей әуелі «бисмилланы» айтып, соңынан шегіп болған соң «әлхамдулиллә» деп шүкіршілік етпейсің?
Темекі нығмет болса, неге оны тартып болған соң аяқ киіміңмен өшіресің? Нығмет ешуақытта аяқ асты етілмейді.
Темекі шегу кез келген ересекке тән және табиғи құбылыс болса неге қымыз ішкен сияқты ата-анаңмен бірге немесе олардың көзінше шекпейсің? Неге балаңа ұсынбайсың?
Темекінің өзіндік рахаты болса, неге тәрбие ретінде балаларыңа үйретпейсің?
Сөзіммен келісер болсаң, ақшаңды және одан да бағалы денсаулығыңды сақта!
Руслан ҚАМБАР