Шартарапқа жайылған COVID-19 індеті жайлы теология ғылымының докторы, «Нұр-Мүбәрәк» Ислам мәдениеті университетінің ұстазы – Мұхитдин Исамен сұхбат.
– Ел арасында «Тәжтажал» вирусына қатысты айтылып жатқан әңгіме өте көп. Солардың арасында «бұл ақырзаман белгілерінен, бұл жайлы хадистерде айтылған» деген сөздер талай жанды елеңдетіп отыр. Осы жайлы не айтасыз?
– Иә, елдің аузындағы бүгінгі әңгіменің негізі осы «тәжтажал» жайлы екені бәрімізге белгілі. Ел тұрмақ әлем шулап жатқанда және ел ішіне кіріп көп қалаларды аралап, тіпті кейбір ауылдарға кіріп жүргенде, әсіресе біреулердің жаны кетіп жатқанда әңгіме етпеуі мүмкін емес. Дейтұрсақ та, ел арасында бұл індеттің бар екендігіне сенбеушілер де жеткілікті… «Бұл әлемдік алпауыт елдердің саясаты» дейді біреулер. Енді біреулер «Расында індет бар, алпауыт елдер жасады. Қытайға салды, бірақ өздері ақырында мутацияға айналаған соң ие бола алмай қалды» дейді.
Иә, не де болса, бұл індеттің бар екені анық. Бірақ бұдан да анық және қанық нәрсе бар, шындық бар. Ол – бұл індеттің Алладан екендігі. Құран аяттарының мағынасында Алла Тағала: «Бір ел бұзылатын болса, сол елдің ең азғындарын елдің басына қойып қоямыз» дейді. Міне, сонда әлгі азғындар одан сайын елді аздыра бастайды. Пәленің бәрін ойлап табады.
Алла жамандықты қай қоғамға болсын бекерден бекер бермейді. Абайдың «ауруды жаратқан Құдай, ауыртқан Құдай емес» дегені де осы. Алла жаратады, адамдар жасайды. Жамандықты да, пәлені де індетті де адамдардың өздері жаман ниетімен тілеп алады. Тілеп алған дерттің емі болмас.
Ал енді хадистерде келді дегенге келсек, өз басым соңғы бағамдауларымда сол айтылған хадистердің уақыты осы заман екендігі көрінеді. Әрине, Алла Тағала – бәрін білуші. Мысалы бір хадисте «Тажалдың кетер алдында жер бетін індет жайлайтын болады. Зілзалалар көбейеді, шегірткелер қаптайды» деп айтылған.(Джалалудин ас-Суюти)
Кей ғалымдар да кітаптарында осы мәселеге қатысты тәпсірлегенде «Алпауыт елдердің шектен тыс зұлымдығы мен Яжуж-Мәжуждің дінсіздігі мен хайуандығынан жер бетіне ағашты кеміретін құрт тәрізді «жәндік» шығып, сол алпауыт елдер мен Яжуж-Мәжүжді естен тандырып, әбден шерменде, масқарасын шығарады» деген. Яжужді атам қазақ «қара қытай қаптаса…» деп түсінген. Сол алғашқы індет шыққан елде бұл күнде дінсіздіктің артқаны рас. Және алпауыт елдердің мұнай үшін басқа да саясаттары үшін араб елдерін миллиондап қырып тастағаны да рас.
Сол Американың «доллар» ақшасында «біз Құдайға сенеміз» деп жазып қойғаны да рас. Бұл күнде әлемді билеп отырғандар – «әһлі кітаптар». Яғни, христиан мен иудейлер. Олар илаһи кітапты өздері бұрмалап болса да, қолдарына ұстап отырған соң, Құдайдың бір қаһары болатындығын жақсы біледі. Сол себепті Трамптың бұл күнде мектепке тәубе нышанында «дұға етуді» кіргізіп жатқаны да сол сенімінен келіп отыр. Еуропа да азанға рұқсат беруде.
– «Әр жағдаяттың артында Алланың қалауы тұрады» дейміз. Халық даналығы «Құдайсыз қурай да сынбайды» дейді. Сіздің ойыңызша әлемді дүрліктірген бұл оқиғаның хикметі неде?
– Иә, «Құдайсыз қурай да сынбайды». Адамзат осы індетті қалай тоқтатамын дейтін болса оның вакцинасын ойлаумен қатар «Тәңір Тағала осы індетпен бізге не деп тұр?» деген сауалға жауап беруі керек еді. Тек алпауыт елдер емес, жалпы жер бетінде адамзат соңғы ширек ғасырда мейірімнен жұрдай бола бастады. Адам бірінші емес дүние, мансап бірінші болып кетті, қарын, қу өңеш бірінші орынға шықты. Адамзаттың қатігез болуы, мейіріміз болуы ол өте үлкен індет. Оның вакцинасы жоқ. Міне осы індетті Құдай сол адамзат бойынан «қатегіздік» пен «мейірімсіздік» деген індетті жоюға жіберді. Бұл тек мұсылман еместерге ғана қатысты емес, иісі мұсылманға да қатысты.
Мәселен, Сириядағы соғысты тек мұсылман емес елдер шығарған жоқ. Сол соғысқа мұнайы бар «мұсылманмын» деген елдердің де қатысы болды. Және бұл күнде Сирия болсын, басқа да мұсылман елдерінде бір-бірін қынадай қырып жатқандар – әлем «мұсылман» деп танитындар. Тіпті, бір-бірін кәпірге шығарып, қырып жатыр. Адам етін жейтін жабайы елдер де бұлай жасамайтын болар! Енді осыны «қатігездік індеті» емес деп кім айтады?!
Бір хадисте Пайғамбарымыз: Құдайдан қорықпасаң, ұялмасаң, білгеніңді істе» дейді. Атам қазақ «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Міне, әлемде діні бөтен тұрмақ, көп мұсылманның жүрегінен Аллаға деген қорқыныш кетіп қалды. Бейбіт елдердің өзінде мұсылмандар бір-бірлерін оп-оңай кәпірге шығарып, бір мешітке бастары симайтын болып қалды.
Тіпті, қажылық мәселесіне келейік. Мысалы, қасиетті Қағбаға бара қалсаңыз халық көп, бірақ жалпы зерттеу жүргізсеңіз, көбінің бойынан Құдайға деген үрейдің жоқтығы байқалады. Қағбаға зиярат кәдімгі туризмге айналғандай…
Бізде атам қазақта «Құбылаға аяғыңды созба, құбылаға қарап дәрет сындырма, құбылаға қарап түкірме» деген cекілді әдеттер бар. Енді құбыла тұрмақ, сол құбыланың негізі болған Қағбада көптеген адамдар, әсіресе, кейбір араб халықтары Қағбаның дәл қасында тұрып, аяқтарын сол Қағбаға қаратып созып жатқанын көрдім. Ескерту жасағандарға кекетіп қарағанын да куә болдым. Түркі халықтарында Қағбаға аяқ созып жатқанын байқадым, бірақ олардың көбі Қағбаға теріс қарап әрі селфи жасап, онымен қоймай оны интернет желі арқылы өзінің Қағбаға теріс қарап тұрғанын, әлемге жар салғанын талай көрдім.
Сондай-ақ, бір дінтанушы ұстаз біреуге ескерткенімде ол менімен ерегісіп дәл Қағбаның қасына барып, теріс қарап бейне бір аяғын тіреп тұрғандай суретке түсіп әлемге таратқанын да көрдім. Көп қажылар осылай «Селфи қажыларына» айналды. Тура паркте жүргендей тәуәп жасайтын болды. Тәуәп жасаған халық көп, бірақ жүрегінде Аллаға деген қорқыныш аз еді.
Әсіресе Қағба тұрғындарының басшылары қағбаны Алланыкі емес, өзінікі санап кеткендей. Айналасына әскер қойып тәуәп ететін еді. Жеке меншігіне айналдырған еді. Біздің елдегілер де қалыспай «кім көп қажылыққа барады?», ең көп барған, жүз барған екі жүз барған деп атақты даңққа айналды. Тәуәп еткенде селфи жайына қалып, тікелей эфирге шығатын болды. Пайғамбарға сәлем беріп тұрып, нақ соны тікелей көрсетіп әрі өзінің жүзін көрсетіп, «міне – Пайғамбар, ал бұл – менмін» , «міне – Қағба, міне – мен» деп жар салатын болды.
Менімен бірге кіші қажылыққа барған қария айтуынша, адамдар дұға, батаны ұмытыпты. Көпшілік дұға етпейді, тіпті дұға етіп жатсам маған таңырқана қарайтын көрінеді. Аллаға дұға етілмейді, бата жасалмайды. Ал, тіпті ата-бабаларымызға Құран оқып бағыштап дұға ету мәселесіне келсек арабыңда да, түркіңде де жоқтың қасы. Бізде бұл күнде жаппай ұмытыла бастаған. Тіпті, «Түркістанда түмен баб, Отырарда отыз баб, бабтардың бабы – Арыстан баб» деген бағыштау біздің елде қазіргі күнде ұятқа айналған. Сол ата-бабаларының дәл қазір Құранға мұқтаж болып отырғанын мүлде естен шығарды. Ата-баба «шірікке» айналды…
Ал енді мешіттерге келсек, толған уағыз. Интернет тола уағыз. Уағыздың басым көпшілігі – тозақ туралы уағыз. Жұмақ аз айтылады. Жастар тозақтан қорқатын болды, Алланың қаһарын ұмытты. Кейде жұмақты армандап, Алланың рақымын да ұмытты. Ақырет те бірге кетті, ұмытылды. Тыңдаған жұрт уағызға тойып, иманға аш қалды. Осыдан ел ішінде дінсіздер бой көтерді, олар да Құранға ашықтан ашық тіл тигізетін болды. Дінді «арабтардікі» деді, дін ұстағанды «арабқұлдар» дейтін болды. Қағбаға барған 3 мың қажыны көп көретін болды, ал Еуропаға, Дубайға жылына 300 мың адамдардың барып ақшасын далаға шашатынды көрмейтін болды.
Кеше карантин басталып жатқанның өзінде, қателеспесем, 140 мың ба, білмедім, кетіп қалды. Масқара ғой! Міне, осыдан кейін Алла Тағала Қағбаны алып қойып, оны тек еденін жуатын қызметшілеріне қалдырды. Патшаларының өзі арал жағалап кетті. Қағба кеткен соң мешіттерде де алынып «Жұма мүбәрәк болсын!» деген сөзге қарсылардың «дұғасы» қабыл болды. Қабыл болды, бірақ өзіне де жаман болды. Алғаш рет жүрегіне «маған індет келіп қалмас па екен?» деген үрей түсетін болды. Адамдар алғаш рет ұмытып кеткен өлімді есіне ала бастады. Мұсылмандардың жүрегіне Аллаға деген қорқыныш ұялай бастады. Осы күнге дейін аз ғана кейбір мұсылмандардың өзара келісіп түннің бір уағында Аллаға дұға етуді «бидғат» деп дінге теріс санайтын еді, енді бүгін ел болып, әлем болып түннің бір уағында Аллаға дұға етуге шақыратын болды. Алғаш мәрте соңғы 30 жылда, тіпті 100 жылда жасалды.
Иә, өкінішке қарай мен секілді кей дінтанушы молдалар Алланы айтып, Алланы ұмытқан едік. Енді қайта Алланы айтып, Алланы еске алатын жағдайға жеттік. Бұрынғы ата-бабаларымыздай Аллаға көз жасымызды төгіп жылауды ұмытқан едік. Жылау тек Қағбада ғана қалған еді. Онда да тарапа намазының артынан жылаған имамға қосылып жылағандай болушы едік. Иә, сол жылаудың өзі модаға айналғандай еді. Енді оны оразада шын жылайтындардың көбейтіні анық. Құранда Алла «Сендер өзіңе қарап алыңдар. Өздеріңді түзеп алыңдар. Өздерің тура болсаңдар сендерді жау алмайды» дейді. Міне біз өзгеге қарап, сынап өзімізді ұмытып кеткен едік. Жаназаны шығарып тұрып, өзіміздің де бір күні өлетінімізді ұмытып кеткен едік. Алланың алдына барып есеп беретінімізді ұмытып кеткен едік.
Ендеше әлем жаңа бір заманға дайындалып жатыр. Бұл індеттің өзі кетсе де, әсері жылдар алуы мүмкін. Англия бір жарым жылға сақтығын созып жатыр. Әлемге соғысқұмарлығымен аты шыққан Американың әуе әскери кемесі көзге көрінбейтін індеттен жеңілуде. Мемлекеттер өз қамалын қайта соғып, ұлттық құндылықтарына қайта бет бұруда. Ендеше біздің ел де осыдан көп сабақ алып, қайта өзінің ұлттық құндылығына қайта бет бұрып, алпауыт елдердің қаңсығын таңсық етпейді деп ойлаймын. Қысқаша айтқанда, әлемге жаңа бір рухани құндылық келе жатыр.
– Соңғы кезде Хазреті Мәһди туралы да әңгіме көбейді…
– Ата-бабаларымыз сол хадиске сүйеніп «Көктен Ғайса түседі, жерден Мәді шығады» деп сеніп келген. Иә, бабалардың сөзі рас. Жалпы соңғы күндерде Мәді мәселесінің көбеюі мұсылмандар арасында «өлім үрейі», «Аллаға бет бұруы» мәселесінің бой көтере бастауы деп түсінемін. Мәдінің келетіндігі бір Аллаға ғана аян. Келіп кеткен деген ғалымдар да жетерлік. Сахабалар да кезінде осылай түсінген. Бұл енді Алланың құпиясы.
– Еліміздегі діни ахуал жайлы не айтасыз?
– Еліміздегі діни ахуалға келсек сырттай қарағанда пәлендей өршіп тұрған алауыздық жоқ. Радикалдық ағымдардың қарқыны басылып келеді. Десек те осы сауалға нақтырақ жауап беру үшін осы індеттің артын бағамдау керек секілді меніңше. Әрбір қиыншылықтың артында бір жеңілдік бар емес пе?!
Меніңше әрбір дін өкілі сол дінді өзінің ұлттық ұстанымдық құндылығымен байланыстыра білуі қажет. Өзінің ата-бабасының қандай мұсылман болғандығына мән бермей, өзге ұлт өкілдерінің діни ұстанымына қарай еліктей беретін болса, олардың бабаларының қандай әулие, қандай ғұлама шыққандығына қарап соларды ғана насихаттап, өз ата-бабаларының арасынан шыққан ғұлама-әулиелерін білмей, жеті ата құндылығынан бейхабар болып жатса ондай дін ұстанғандарды қанша әжіге барса да пәлендей тақуа, діндар деп айта алмаймын. Мәшһүр Жүсіптің: «Жігітке жарасады құлан жирен, дін ұстансаң – топырақ бол, аяққа илен» деген құндылықтарын өскелең ұрпақ жақсы білуі тиіс. Ендеше біздің елдегі діни ахуалға да жаңа бір көктемнің келетіндігіне бек сенемін деп сөзімді тәмәмдағым келіп тұр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан: Алғадай Әбілғазыұлы