Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон өз елінің коронавирусты толыққанды жеңгенін мәлім етті, деп жазады “Sputnik Тәжікстан”.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта елде COVID-19 індетімен ауырып жатқан бірде-бір адам жоқ, ал қоздырғыштың өзі “толығымен жойылды”. Десе де, Мемлекет басшысы азаматтарды мешіттерге барған кезде санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
Соңғы мәліметтер бойынша, пандемия басталғаннан бері Тәжікстанда коронавирус жұқтырған 13 308 адамда тіркелді, 90 пациент инфекцияның құрбаны болды, қалған жұқтырғандар жазылып шықты.
Республикада COVID-19 жұқтыру оқиғалары 2020 жылдың 30 желтоқсанынан бастап анықталған жоқ.