Адам мына өмірге жолаушы ретінде келеді екен. Керек рухани азығыңды аласың да, негізгі мекеніңе өзіңнен сұралмастан қайтасың. Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне. Ислам солай дейді.

Пенде байғұсқа өзін қоршап тұрған танымдар (көзге көрінбейтін рухани әлем) мен нәрселер (көзге көрінетін әлем) бағыт-бағдар сілтеп тұрады екен, әрине, терең ойланған адамға. Ойланбағанға (соқыр тауыққа) бәрі бидай.

Бірақ адам өзін қоршап тұрған әлемнен ғибрат, тәрбие алуы үшін ақылына сәуле түсуі қажет (күн сәулесі түскендей, нұрландырып). Ал ақылға сәуле түсуі үшін адамның «ойы» ұйқыдан оянуы қажет.

Ұйықтап жатқан ойды кім түртіп оятады деуіңіз мүмкін? Оятатын – жүректегі қайрат, жігер. Жүрекке қайраттың бітуі – махаббаттан.

Хәкім Абай мұны былайша сипаттайды:

Жүректе қайрат болмаса,

ұйықтаған ойды кім түртпек.

Ақылға сәуле қонбаса,

хайуанша жүріп күнелтпек.

Біздің «Мәссаған, мына дүние өзгеруде» деуіміз тек материалдық әлемге ғана қатысты екен. Адамның жаны, рухы ешқашан өзгермейді. Оның құпияларын тек махаббатпен және ойлану арқылы аша бересің. Аша түскенде өзің де ерекшелене бересің. Оянған рухың тәніңді билей бастайды.

Ғазалидың: «Жан – тәннің билеушісі» деуі, тек тәнінің зынданынан рухын (жанын) алып шыққандарға қатысты екен. Әйтпесе өзін тәніне билетіп жүрген қаншама жандар бар, байыған сайын бақытты сезініп, атақты болған сайын құтырып…

Тән билеген жерде адам байғұстың ақылы сорлап, бар қабілетін шығара алмай өтеді. Затшылдық бойының делебесін қоздырып, өмірінің мәні дүние-мүлік, атақ-даңқ қана болып қалады.

Шәкәрім бабамыз бұл туралы былай сыр толғайды:

Затшылдық көзді байлады,

адастырып айдады.

Жан билемей, тән билесе,

ақылдың соры қайнады.

Жарас АХАН,

тарихшы

Пікір жазу