Сұрақ: Тарауихта Құранды хатым түсірудің үкімі қандай? Бір мешітте екі бөлек тарауих намазын оқуға бола ма?
Жауап: Рамазан айындағы тарауих намазында Құранды хатым қылу сүннет. Екi рет хатым қылудың сауабы одан да жоғары. Құранды хатым етiп Рамазанның жиырма жетiсi, яғни, қасиеттi Қадыр түнiнде бiтiрген абзал.
Бiрақ, имам жамағатты зерiктiрiп алмау мәселесiн ескергенi жөн. Жамағатта қарттар мен жас балалар болған жағдайда имам тарауих намазында қысқа сүрелердi оқығаны құба-құп (Сиражул-Ваххаж, Фатау-й Хиндийе).
Шариғат үкiмi бойынша бiр мешiтте екi рет тарауих намазының оқылуы макрух (құпталмаған). Сондай-ақ, бiр жерде тұрып жамағаттың екi бөлiнiп тарауих намазын оқуы және бiр имамның бiр кеште екi рет тарауих намазын оқытуы да макрух. Әйтседе, бiр мұсылман тахуалығына сай екi рет тарауих намазын оқыса, бұл шариғатқа қайшы емес. Тарауихты басынан аяғына дейiн бiр имамның оқытқаны дұрыс. Бiрақ, құптан намазының парызын бөлек имам, тарауихты бөлек имам оқытса, бұл да шариғатқа қайшы келмейдi (Әл-Мухит. Радиуддин Сарахси).
Мұхан Исахан