Сұрақ: Кейбір мұсылмандар тарауих намазын 8 рәкәт, ал кейбіреулері 36 рәкәт оқиды. Біздің ҚМДБ мешіттерінде 20 рәкәт оқылады? Не үшін тарауих әртүрлі оқылады?
Жауап: Әһлі-сүннет бағытындағы белгiлi төрт мәзһабтың имамдары Рамазан айында тарауих намазының оқылуын бiрауыздан сүннет амалына балаған. Бірақ, тарауих намазының қанша иiлуден (рәкат) тұратындығы хақында ғұламалардың түрлi көзқарастары бар.
Ханафи, Шафиғи, және Ханбали мәзһабының ғұламалары тарауих намазының жиырма рәкаттан тұрады деп үкiм берсе, Малики мәзһабының ғұламалары тарауих намазын отыз алты рәкат деп бiледi. Оның себебi, Мекке халқы тарауих намазының әр төрт рәкатынан кейiн қағбаны тәуап жасайтын.
Ал, Мәдина тұрғындары тәуап жасай алмайтын болғандықтан, оның есесiне он алты рәкат намаз оқыған.
Маликилер Мұхаммед (с.ғ.с.) өмiрiнiң соңғы он жылын Мәдина қаласында өткiзгендiктен, фиқһ мәселесiнде көбiнесе осы қала тұрғындарының үкiмдерiн негiзге алады.
Сол себептен де, Малики мәзһабының өкiлдерi тарауих намазын отыз алты рәкат деп бiледi. Бұдан басқа базбiр ғалымдар Айша (р.а.) анамыздан жеткен дерекке сүйенiп, тарауих намазын сегiз рәкаттан тұратынын айтады. Бiрақ, тарауих намазының жиырма рәкаттан тұратынын жақтайтын ғалымдар Айша (р.а) анамыз жеткiзген деректе Алла Елшiсiнiң (с.ғ.с.) сегiз рәкат тарауих намазын емес, тахажжуд (түн ортасында ұйқыдан тұрып оқитын намаз) намазын оқығанын алға тартады.
Яғни, бір деректің әртүрлі жорылуына орай, әһлі-сүннет мәзһабтары тарауих намазын әртүрлі санда оқиды.
Ал, ҚМДБ – Ханафи мәзһабындағы тарауих жиырма рәкаттан тұрады деген үкімді басшылыққа алады.
Мұхан Исахан
Сұрағымды жауапсыз қалдырмағандарыңызға алғысым шексіз. Өте жақсы айтылыпты