Сұрақ: Тамақты тойып жеу харам ба?
Жауап: Кейбір адамдар көп тамақтануды пайдалы деп санайды. Ал ислам мұндай пікірдің қате екенін алға тартады. Негізінде мұсылман тамақты көтеріп жүретіндей емес, тамақ оны көтеріп жүретіндей мөлшерде жеуі керек.
Пайғамбардың (с.ғ.с.): «Адам өзінің толтыратын ыдыстарының ішінде қарнынан артық жаман ыдыс жоқ. Адамға өзін ұстауы үшін бірнеше үзім тамақтан артығы керек емес. Ал егер тамақты көптеу жеуге мәжбүр болса, онда асқазанының үштер бірін тамаққа, үштен бірін – суға, ал қалған үштен бірін – жеңіл дем алу үшін қалдырсын», – деп айтқан (Ахмад, Ттермези және Ибн Мәжаһ).
Бүгінде тамақты көп жеуді әдетке айналдырудың денсаулыққа зиян екенін медицина да дәлелдеуде. Сонымен қатар тоя тамақ жеу адамды жалқаулыққа, немқұрайлық пен ұйқыбастыққа алап келетіні тағы бар. Ондай адам арсыз әрі әдепсіз келеді.
Ал енді асты белгілі мөлшерде жеу – денеге сіңімді, бойға қуат, іс-қимылды жеңілдете түседі. Сол үшін дін ислам мұсылман баласын тамақты белгілі мөлшерде жеуге шақырады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ