Қасиетті Рамазан айының қарсаңында ҚМДБ-ның Түркия Республикасындағы өкілдігі Анкара қаласында «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараның өтуіне ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен Түркияның Дін істері басқармасы қолдау білдірді.
Дөңгелек үстел жұмысына «Талаба» қауымдастығының Анкара, Ыстамбұл, Бурса, Конья, Измит, Кайсери, Қарабүк және Денизли қалаларындағы жауапты студенттерімен бірге арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Жиында Түркияда білім алып жатқан қазақ жастарын бірлікке шақыра отырып, олармен тығыз қарым-қатынас орнатудың жолдары, қауымдастықтың жұмыс жоспарын орындау барысы, Рамазан айына қатысты және қазақ жастарының жат ағым жетегіне түсіп кетпеуінің алдын алу мәселелерін кеңінен талқыланды.
ҚМДБ-ның Түркия Республикасы бойынша жауапты өкілі, «Талаба» қауымдастығының жетекшісі Жандос Айтбай: «Бұл басқосудың баршамыз үшін маңызы ерекше. Өйткені біз дөңгелек үстел басында ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының биылғы жылды «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» деп жариялауының маңызы мен тағылымды ойларын ортаға салып, ұлт руханиятының іргесін бекіте түсуге қатысты ой-пікірлерді тыңдаймыз. Осы бағытта ҚМДБ төңірегінде топтаса отырып, бірлесе қызмет атқаруға шақырамын» деп атап өтті.
Алғашқы күні іс-шараға арнайы шақырылған Хадж Байрам Вели атындағы Анкара университетінің профессоры Аднан Булент, Түркияның Дін істері басқармасының Білім және ғылым бөлімінің шетелдік студенттерге жауапты қызметкері Вейси Кайа, Түркия Дианет қоры (TDV) басшысының орынбасыры Абдурахман Четин, Түркия Дианет қорының қызметкері Селман Акташ баяндамаларын ұсынса, дінтанушы-сарапшы, РАТТ мүшесі, Түркияның Ержиес университетінің докторанты Тұрар Әбуов «Талаба» қауымдастығының жұмыс бағытын жетілдіру жөнінде ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Екі күнге жоспарланған шараға қатысушылар Анкара қаласындағы бірнеше тарихи және көрікті жерлерді аралап, Ұлттық кітапхананың жұмысымен танысты.