Бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналып, әлем жұртшылығының «бас ауруына» айналған лаңкестік топтардың бірі «Әт-тәкфир уәл-һиджра» яғни «Тәкфиршілер» деп аталатын топ.
Бұл топқа Астана қаласының Сарыарқа аудандық соты аталған ұйымды экстремистік деп танып, Қазақстан Республикасы аумағында қызметіне тыйым салды.
Олар «Таза Ислам», «Таза таухид», «Таза мұсылман» деген жалаң ұранды желеу етіп діни ұстанымы қалыптасып үлгермеген, білімі толыспаған жастарды өз қатарларына алуға әрекет еді. Аталмыш ұйымның қимылына Түркия, АҚШ, Ресей мен Евроодақ елдерінде де тыйым салынған.
«Ат-такфир уаль-хиджра(Тәкфиршілер)» жамағатының басты белгісі «тәкфир» ұғымына негізделгендігін аңғарамыз. Ең әулелі, «үлкен күнә жасаған» адамдарды, сонымен қатар өз жамағатын мойындамаған мұсылмандарды кәпір деп есептейді. Ислам қағидаттарына өрескел қайшы бұл түсініктер азаматтардың радикалдық, экстремистік пиғылдарға ұрындыратыны сөзсіз.
Сол арқылы қоғам мүшелері мен мұсылмандар арасында Исламдағы ең ауыр қылмыстардың бірі болып саналатын – фитнаның отын тұтандырады. Яғни алауыздық тудырып, бүлік таратады. Тәкфіршілік жолда жүргендер, тіпті, ата-анасының, жақындарының іс-әрекеттерін өздерінің ұстанымымен салыстара отырып, оған сәйкес келмеген жағдайда (Айталық намаз оқымаса, діни пренциптерді толық ұстанбайтын болса) оларды да «кәпір» деп айыптап, оларды тыңдаудан, оларға бағынудан, олармен бірге өмір сүруден, туысқандық қарым-қатынас жасаудан, оларға көмек қолын созудан бас тартады. Бұл өз кезегінде мемлекет тұтастығының алтын арқауы болған отбасы иституттарының әлсіреуіне әкеліп соғатыны ақиқат.
Сондай-ақ, Ата заңы мен құқықтық нормалары тек қана Құран түзімдеріне құрылмаған зайырлылық қағидаттарын ұстанатын немесе бейтарап саясатты басшылыққа алған мемлекеттерді «кәпір», «Шайтан мемлекет», «тағуд» деп қаралай отырп, ол елдердің басшыларына бағынбау, жамағат мүшелеріне Исламда қорғаныс мақсатында ғана қолданылатын «жиһад» ұғымын теріс пиғылда насихаттау арқылы мемлекетке қарсы шығуға хақылы екенін насихаттап билікке қарсы күреске шақыру арқылы Құран үкімдері бойынша үкім беретін «Халифат» мемлекетін құруға ұрынады. Мұндай идеиалогиямен уланған азаматтар осы ұстанымдары арқылы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) және ізгі сахабалардың талай өсиеттері мен сөздерін де жоққа шығара отырып, зайырлылық қағидаттарды мойындамау, шет мемлекеттерге «жиһадқа» аттану, жалпыға бірдей құқықтық нормаларды сыйламау, қоғамдағы дінаралық татулық пен толеранттылықты елемеу, әлеуметтік бүліктер мен лаңкестік іс-қимылдар ұйымдастыру сынды қоғамдық зардаптардың туындауына себепші болады.