Президент Жамал Әбднасырдың пәрменімен 1965 жылы «Мұсылман бауырлар» ұйымының идеологтарының бірі Сайд Құтб және оның бір топ жақтастары өлім жазасына кесілген соң Мысыр түрмелерінде жастардың толқуы пайда болды. Мемлекет басшысының шешіміне қарсыласқандар қатты азапталды. Тіпті, кейбірі азапқа шыдай алмай жантәсілім етіп жатты. Оларға түрме қызметкерлері адам жанын қинайтын неше түрлі жазаны қолданды. Мысыр ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері қамаудағы жазасын өтеушілерді президенті Жамал Әбднәсырға бағынуға шақырды. Алайда, тұтқындағылар біріңғай бұл талапты қабылдай қойған жоқ. Мысыр түрмесіндегі қарсыласушы тұтқындар мынадай бірнеше бағытты ұстанды: Бірінші топ өкілдері – тәубеге келіп, бұрынғы қызметтеріне қайта оралу үшін президентті және оның саясатын қолдайтынын мойындады. Әсілі, олар сол кездегі саяси дүрмекке еріп, исламдық қозғалыстан өзіне пайда іздеген кексе саясаткерлер мен бұрын түрлі салада жұмыс істеген мемлекеттік қызметкерлер болатын. Екінші топ өкілдері – азапқа шыдай алмай, өз ұстанымдарынан бас тартып, бейтарап болуды таңдады. Яғни, олар мемлекет басшысының саясатын да әсіре исламшылдарды да қолдамайтын позицияны ұстанды. Үшінші топ өкілдері – мемлекеттің зайырлы саяси бағытын құптамайтынын әрі президентті кәпір деп кінәлаудан бас тартпайтынын білдірді. Тек саяси билікті ғана емес, әу бастағы бағытынан қайтқан бұрынғы жақтастарын және өздерін қолдамайтын жұртшылықтың бәрін кәпір деп таныды. Шектен шыққан бұл радикальді топтың жетекшісі шейх Әли Исмайыл болатын. Тіпті, ол өздерін қолдамаған мұсылманның құлшылығы да қабыл болмайды деген әсіре ұстанымды болды. Мысыр түрмелерінде пайда болған тәкфиршілдік қозғалыс біртіндеп студенттер арасына да кең тарап, қызу қанды жастардың қолдауына ие болды. Бірте-бірте тәкфиршілдердің ізбасарларының саны артып, бұл жамағат Солтүстік Мысырда діни-саяси қозғалысты тудырды. Тәкфиршілдердің доктриналық һәм канондық ұстанымы Әбдрахман Әбу ал-Хайрдың «Мұсылмандар жамағатының зікірі» атты кітабында жан-жақты баяндалған. Тәкфиршілерде өзгелерді кәпірге шығару ұғымы қалыптасқан. Олардың пікірінше үлкен күнәларды істеген адамның тәубесі қабыл болмайды. Осы себептен де олар кәпір саналады. Сондай-ақ, Хақ Тағаланың түсірген шариғатын негізге алмай үкім шығаратын мемлекет басшылары және оған бағынған халық та кәпір. Осы мәселенің ақ-қарасын айтпаған, яғни, оларды кәпірге шығармаған ғалымдар да кәпір. Жалпы, тәкфиршілердің айтқанына ермеген кез-келген адам кәпір. Оларға қосылып, кейін бас тартатын болса, ол адам муртад саналады. Мұндай адам тек һад жазасымен жазалануы тиіс деп білді. Тәкфиршілердің өзгелерді кәпірге шығарудан кейінгі негізгі принциптерінің бірі – һижра болып саналады. Олардың һижра түсінігі бойынша шариғатты ұстанбайтын надан елден адам қол үзуге тиісті. Әйтпесе, сол күнәһар қоғамның ішінде болған адам да күнә жасайды. Ал, күнә жасаған адам күпірлікке ұрынады деп ұқты. Яғни, олардың таңдауындағы қоғам Алла Елшісі (с.а.у)-ның дәуіріндегідей қоғам болуы керек-тін. Бұл парадигмаға симайтын кез-келген қоғамды олар жаһил қоғам деп санады. Тәкфиршілдердің идеологиялық күресіне жетекші болған Шүкір Мұстафаны жамағат «мәһди» деп таныды. Ол өз қатарластарының санын көбейту үшін кәпірлерге қарсы жиһад жасаудан көрі идеологиялық күресті оңтайлы деп шешті. Әйткенмен, тәкфиршілдер Құран және Суннамен ғана жүріп-тұрамыз деп әһлі сунна уәл жама саналатын төрт мәзһап (Ханафи, Ханбали, Шафий, Мәлики) құптаған қайнар-көздерді теріске шығарды. Тіпті, олардың фикһтық көзқарастарында Мекке, Мәдина, Құба, Ақса мешітінен басқа мешіттерде оқылған жұма намаз қабыл болмайды деген сандырақ пікірлер орын алған.