Сұрақ: Тағдырға иман келтіру парыз ба?

Жауап: Алланың тағдырына иман келтіру – мұсылман үшін парыз. Құдайды бір, пайғамбарды хақ, Құран кітабымыз деп тілін кәлимаға келтірген әрбір пенде үшін, Алла Өзінің білім құдіретімен кез келген нәрсенің өткені мен болашағын жазып қояды деп иман келтіруі шарт.

Құранда Алла Тағаланың тағдырға қатысты хабар берген аяттары жетерлік. Мысалы:

«Жер жүзінде сондай-ақ сендерге бір бейнет келетін болса, ол жаратуымыздан бұрын Кітапта жазулы. Шексіз бұл, Аллаға жеңіл» (Хадид: 22).

«Алла әрбір ұрғашының нені көтеріп жүргенін және жатырлардың нені кемітіп, арттырғанын біледі. Әрбір нәрсе Оның алдында өлшеулі». (Рағыд: 8)

Алла Тағала дүниедегі барлық нәрсенің, тіпті дүние тағдыры да жазулы екенін айтып отыр. Бұл Аллаға жеңіл екені аяттан белгілі. Алла Тағала – құдірет Иесі. Оның құдіретіне күмән жоқ. Өмірімізде болған әрбір құбылыс адамның ниеті мен амалына қарай жазылған.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Жақсы сөз айт немесе үндеме». Осы хадисті ашықтап түсіндіріп берсеңіз?

Келесі аятта да Алла тағала барлық нәрсенің өз өлшеуімен жаратқандығы және олар сол өлшеміне, тағдырына сәйкес болатыны туралы айтады:

«Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық» (Қамар: 49).

Ибада ибн Самит (р.а.) ұлына мына хадисті риуаят қылған:

«Расында мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла әуелі қаламды жаратты. Сөйтіп, оған: «Жаз!» – деп бұйырды. Ол: «Уа, Раббым! Не жазамын?» – деп сұрайды. Алла тағала: «Қиямет күніне дейін күллі нәрсенің тағдырын жаз!» – деп бұйырды», – дегенін есіттім. Құлыным, сондай-ақ, мен Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім де кім осыған иман келтірмей өлсе, менің (үмбетімнен) емес», – деп айтқанын да есіттім» (Әбу Дәуіт).

Сол себепті Исламда тағдырға иман келтіру – парыз.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу