Сұрақ: Тақхиқи иман дегеніміз не?
Жауап: «Тақхиқ» араб тілінде «зерттеу», «іздену», «шындыққа көз жеткізу», «тексеру» деген мағыналарды білдіреді. Ал, «тақхиқи иман» деп көпшілікке еліктеп (тақлиди) емес, дербес өз ақылымен нақты дәлелдер арқылы Алланың бір және бар екеніне көз жеткізуді айтамыз.
Алла Тағала қасиетті Құранның бірнеше сүрелерінде тақхиқи түрде иман келтіру туралы баяндайды:
«Дегенмен іштерінен ғылымда озат болғандар және иман келтіргендер, саған түсірілгенге әрі сенен бұрынғы түсірілгенге сенеді» («Ниса» сүресі, 162-аят).
«Шәксіз көктердің және жердің жаратылуында түннің және күндіздің өзгеруінде әлбетте ақыл иелері үшін дәлелдер бар» (Әли-Имран, 190).
(Мұхаммед Ғ.С.): “Сені арам нәрсенің көптігі қызықтырса да, лас пен таза бір емес. Ендеше, әй ақыл иелері! Алладан қорқыңдар, әрине құтыласыңдар” де» («Мәйда» сүресі, 100-аят).
Алла Елшісі (с.ғ.с) де өзінің хадис-шәріптерінде ақиқатты тануда ақылдың орны ерекше екеніне тоқталған:
«Адамды адам еткен оның ақылы. Ақылы жоқтың діні де жоқ» (Жәмиус-Сағир, 4: 528).
«Ақылды адам деп – нәпсісін қадағалай алған, өлімнен кейінгі мәңгілік өмір үшін дайындық жасаушыны айтамыз» (Ибн Мәжа, Зухд, 31).
Хакім Абай өзінің Ғақлиятында ақылмен Алланы тану туралы бірнеше жерде сөз қозғайды. Мысалы, 27-қара сөзінде тақхиқи иманмен Хақты тану туралы былай дейді:
«Жә, олай болса, адамды жаратушы хауаси хамса заһри бергенде, тахқиқ ойлап, олардың пайдасының барлығы түгел оған мұқтаж боларлығын біліп бергендігі әшкере тұр ғой. Әуелі көзді көрсін деп беріпті, егер көз жоқ болса, дүниедегі көрікті нәрселердің көркінен қайтып ләззат алар едік? Ол көз өзі нәзіктігінен керегіне қарай ашып, жауып тұруы үшін қабақ беріпті. Желден, ұшқыннан қаға берсін болуы үшін кірпік беріпті. Маңдай теріні көзден қағып тұруға керек болғандығынан, басқа тағы керегі бар қылып қас беріпті. Құлақ болмаса, не қаңғыр, не дүңгір, дауыс, жақсы үн, күй, ән – ешбірінен ләззаттанып хабар ала алмас едік. Мұрын иіс білмесе, дүниеде не тәтті, не қатты не дәмдінің қайсысынан ләззат алар едік? Бұлардың бәрі біздің пайдамыз емес пе? Көзді, мұрынды ауызға жақын жаратыпты, ішіп-жеген асымыздың тазалығын көріп, иісін біліп, ішіп-жесін деп. Бізге керегі бар болса да, жиіркенерлік жері бар тесіктерді бұл бастағы ғазиз білімді жерімізден алыс апарып тесіпті, мұның бәрі хикметпен біліп істелгендігіне дәлел емес пе? – депті. Сонда Аристодим тахқиқ ойлап тексергенде, адамды Жаратушы артық хикмет иесі екендігіне һәм махаббатыменен жаратқандығына шүбәсі қалмады».
Иә, ғаламдағы үздіксіз қозғалысты байқап, қозғатушы бір күштің бар екенін, жаратылыстағы үйлесімділікті көріп отырып, үйлестіруші бір күштің бар екенін, дүниенің ұдайы заңдылықтармен жұмыс жасайтынын аңғарып, Ұлы Бір Заңгердің бар екенін, әлемнің бір жерден басталғанын біліп, бастатушы күштің бар екеніне илану – Ұлы Жаратушыға тақхиқи иман келтіру болып саналады.
Мұхан ИСАХАН