Алланың құлдарына нәсіп еткен көп сыйларының бірі – шынайы түс. Шынайы түс – айқын есте қалатын түстер. Бұлар Алла Тағала тарапынан не сүйінші, не ескерту бабында көрініс табады. Бұл – түстер болашаққа түскен сәулелер. Расул (ғ.с.с) Пайғамбарлығының бастапқы кезеңінде шынайы түстер алты айдай жалғасқан еді. Пайғамбарымыз хадисінде: «Уақыт жақындаған сайын мүминнің түсі еш жалған болмайды. (Көрінгеніндей іске асады.) Мүминнің (шынайы) түсі – пайғамбарлықтың қырық алты бөлігінің біреуі. Пайғамбарлыққа жататын ешбір нәрсе жалған болмайды» – деген. (Бухари, Таьбир, 26; Муслим, Рүя, 6)
Шынайы түстер лайықты адам тарапынан жоруын қажет етеді. Түс ғайып ақиқаттарды білу жолдарының бірі болып саналады. Пайғамбарымыз таң намазынан кейін, кейде сахабаларының көрген түстерін тыңдап, жоритын. Болашаққа байланысты түстен көрініс тапқан істерді түсіндіретін.
Расында, көрген немесе көрсетілген түске амал етілмейді. Түстер жорылғаннан кейін, жақсылыққа амал етіледі. Дұрыстыққа жорылып болған жағдайда амал етудің үлкен сауабы бар.
Пайғамбарымыздың хадисінде: «Түс алғашқы жорушының айтуы бойынша жарыққа шығады» – деген. Түсті жори алмайтын адамдарға айтпаған жөн. «Алғашқы жору маңызды. Кейінгілердікі жарамсыз» – деген ғұламалар.
Атам қазақтың мақалында: «Адамның түсі оңбаса, ісі оңбайды» – деген. Сондықтан, шариғатта бұйырылған амалдарды шынайы орындап, жақсы салихалы амалымыз арқылы шынайы түс көруімізді Жаратушы нәсіп етсін.
Жауап берген: Балғабек Мырзаев