Қазақстан Республикасының заңнамаларын жіті қараған болсақ, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелер мен жазалау орындарында намаз оқуға ада-күде тиым салынды деп кесіп айта алмаймыз. Қазіргі қолданыстағы Қазақстан Республикасының Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңының 7 бабы бойынша тек мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердің, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге (жасауға), сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға жол берілмейді.
Ал, сіз айтқан түрмелерде намаз оқу үшін жазасын өтеушілер түрме мекемесі басшысына өтініш жазып, оның негізінде ҚМДБ өкілдері шақырылып, діни құлшылық, жораларды өткізе алады. Яғни, түрме мекемесі мен діни бірлестіктің арасында келісім болуы шарт. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Діни қызмет және діни бірлесітктер туралы Заңның 7 бабының 4 тармағында мынадай норма көзделген: «Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде ұсталатын, жазаны орындайтын мекемелерде отырған, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерде әлеуметтiк қызмет көрсетуден өтетін, стационарлық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының емделушілері болып табылатын адамдарға олардың немесе олардың туысқандарының тілегі бойынша салт жораларының қажеттілігі жағдайында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері шақырылады. Бұл ретте діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізу аталған ұйымдардың қызметіне кедергі келтірмеуге, басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға тиіс».