Көне түркілердің пайымынша билік қасиетті ұғым болып саналды. Елді билеу өкілеттілігі Тәңірден беріледі деп түсінді. Билік иелері өздерін Тәңірдің құты деп қабылдады. Бұл түркі тас жазуларында «құт» (саяси билік), «ұлұш» (несібе), «күш» (әскер) деген ұғымдармен берілген. Тәңір құт берумен қағанды саяси билік иесі етеді. Ал, қаған Тәңір берген саяси биліктің арқасында күллі әлемге өзінің үстемдігін жүргізеді.
Қағандардың харизмасында саяси билік (құт), экономика (ұлұш), әскери (күш) құдірет бар деп түсінген халық оларға еру арқылы баянды ғұмыр сүре алатынына иланатын. Ғасырлар бойы түркі халқын саясатта, дінде, әлеуметтік мәселелерде харизматикалық мемлекет түсінігі ұйыстырып, қуатты күшке айналдырып отырды.
Селжұқ билеушісінің уәзірі Низамул Мүлк өзінің «Саясатнамасында»: «Ұлы Тәңір барлық уақытта халықтың арасынан бір адамды таңдайды. Оны патшаларға лайық және мақтауға тұрарлық өнермен безендіреді. Халық оның әділдігімен өмір сүрсін, қауіпсіз болсын, мемлекеттіліктің сақталуы үшін, сондай-ақ, дүние істерінде Тәңірдің құлдары тыныштықта өмір сүруі үшін билік етуді оған тапсырады», деп дәстүрлі түркілік түсініктегі ел билеуді құптаған еді.
Дегенмен, қағандар абсолютті билік иесі емес еді. Олар өздерін Тәңірдің алдында жауапты санайтын. Халық та қажет кезде шектен шыққан билеушілерден теріс айнала алатын. Егер, қаған елдің «құты» бола алмаса, онда биліктен тайдырылатын.
Түркілердің ел билеу салтында билік монорхиялық жолмен ауысып отырды. Билеуші әулеттің әрбір өкілі харизматикалық тұлға болып есептелгенмен, оның бірі ғана таққа отыратын. Таққа таласта мирасқорлардың ең мықтысы ғана озы шығып, билікті қолға алатын. Осыған байланысты түркілердегі мұрагерлердің таққа таласында нақты белгіленген құқықтық қағидалар болған жоқ. Мұрагерлердің ішінде кім күшті, кім асқан айлакер, сол билікке қол жеткізетін.
Мұрагерлер арасында таққа таласудың нақты бекітілген құқықтық негіздері болмағандықтан, олардың бір-бірімен таққа таласуы халық үшін үйреншікті жәйт саналатын. Тіпті, тақ мұрагері алдын ала белгіленсе де, билеушінің өзге ұрпақтары билік үшін жан беріп, жан алысуға дайын тұратын. Кейде таққа таластың ақыр-аяғы саяси дағдарыстарға, елдің тұтастығын бұзуға әкеліп соғатын. Көбінесе таққа таластың соңы ең мықты мұрагердің билік тізгінін қолға алумен аяқталатын.
Түркілердің харизамтикалық мемлекет түсінігі исламды қабылдаған кезде де жалғасын тапты. Мысалы, Қарақан дәуірінде өмір сүрген Махмұт Қашқари: «Тәңірдің мемлекеттің (құт) күнін түрік шоқжұлдыздарынан тудырғанын және олардың иеліктерінің үстінде көктердің барлық шеңберлерін айналдырғанын көрдім. Тәңір оларға түрік деген ат берді және оларды жер бетіне билеуші етті. Заманымыздың қағандарын солардан шығарды, барлық халықтардың билік тізгінін солардың қолына берді, оларды ақиқатпен қуаттандырды», деп мемлекеттік билік туралы ескі түркілік сарында ой қорытады.
Махмұт Қашқаридің түсінігінше қағандар тек түркілерге емес, мұқым ғаламға билік жүргізу үшін жаратылды. Оның билік туралы ой-тұжырымы өзі өмір сүрген уақыт пен ортаның жемісі еді. Түркілер негізін салған Қарақан мемлекетінде өмір сүргендіктен, осылай ой қорытуы заңды болатын. Яғни, өз дәуіріндегі мемлекет пен қоғам туралы озық ойлардың иесі саналған Махмұт Қашаридің ой-тұжырымына қарап, түркілердің исламды қабылдағанымен, олардың билік туралы түсінігінде көп өзгерістің болмағандығын байқаймыз.
Түркілердің билікті кие тұтуы және түркілер әлемді билеуші деген түсінігі кейін мұсылман қоғамына да сіңісті бола бастады. Селжұқ билеушісі Тұғрыл 1055 жылы Бағдатты бағындырған кезде, аббаси халифасының уәзірі ибн Мүслим: «Тәңір саған бүкіл әлемді берді» деп түркі билеушісін ерекше әспеттеген еді. Бұл түркілердің билік туралы түсінігінің арабтарға да әсер еткенін көрсетеді.
Махмұт Қашқари мен Низамул Мүлктің харизматикалық мемлекет туралы түсініктері түркі билеушілерінің тәжірибесіне тікелей әсер етіп отырды. Бірақ, Махмұт Қашқари мен Низамул Мүлк харизматикалық тұрғыда ел билеу түсінігін мемлекеттік басқарудың жаңа теориясы ретінде ұсынған емес. Олар өз ойларын ескіден қалыптасқан түркілік мемлекеттік басқару үлгісін негізге ала отырып айтқан болатын.
Махмұт Қашқари мен Низамул Мүлктің көзқарастарына арқа сүйеген Селжұқ билеушісі Алп Арслан: «Сендерді қорғауға міндеттімін. Сендер де мені қолдауларың керек. Себебі Ұлы Тәңір сендерді маған емес, мені сендерге қолбасшы етті» деп, өзін Тәңірдің құтына балап, түркілік дәстүрге сай мемлекет басқарды. Санжар сұлтан да халифаға 1133 жылғы жазған хатында Ұлы Тәңірдің мейірімімен жаһанның билеушісіне айналғанын атап өтіп, өзін дәстүрлі түркілік пайымдағы ел билеуші екенін танытты.
Исламды қабылдаған түркі билеушілері ескі мен жаңа сенімді сабақтастыра отырып, мұсылман қоғамына билік жүргізді. Олар өздерін Тәңірдің құты санап, құрған биліктерінің легитимді екенін ұдайы дәріптеп, халықтың есіне салып отырды. Осылай ету арқылы биліктің киелігін ұқтыратын. Селжұқ билеушісі Алп Арсланның пайымынша түркілер таза мұсылман болып, тәкаппарлық пен құмарлыққа салынбағаны үшін Тәңір олардың мәртебесін көтерді. Бұл түркілердің ескі билік туралы түсінігінің тәжірибеде исламмен ұштастырылуы болатын.
Исламды қабылдағаннан кейінгі түркі мемлекеттерінде ең жоғарғы лауазым «сұлтан» болып есептелді. Әуеліде «сұлтан» термині «билік» немесе «үкімет» мағыналарында қолданылды. Аббаси дәуірінде мемлекет қызметкерлер, уәлилер (әкімдер), диуан басшылары мен уәзірлерде де «сұлтан» атауымен аталатын. Кейін бұл атаумен тәуелсіз билеушілер аталды.
Тарихта түркілердің ішінде алғаш рет «сұлтан» лақабын ғазнауи билеушісі Махмұт Сұлтан иеленді. Десе де, базбір зерттеушілер мемлекеттік билік жүйесінде «сұлтан» атауын Ұлы Селжұқ мемлекетінің негізін салушы Тұғрылдың танымал еткенін айтады.
Сұлтан – мемлекет жүйесіндегі үкімет, әскер және сот секілді үштік құрылымның басшысы болып саналды. Яғни, ол ясама (заңнама), жүргізу (атқару) және жарғы (заң шығару) құқықтарына да ие-тін.
Ясама құқығы деп сұлтанның белгілі бір ережелер шеңберінде жариялаған және берген «пәрмендері», «жарлықтары», «мисалдарын» (жазбаша және ауызша бұйрықтар) айтамыз. Сұлтанның аузынан шыққан барлық сөздердің құқықтық күші бар деп есептелінді. Барлық мемлекеттік қызметкерлер мен қалың бұқара осы бұйрықтарға бағынуға міндетті болды.
Жүргізу құқығына келер болсақ, таққа отырған әрбір билеуші өз ісін мемлекетті жаңа тәртіпке келтірумен бастайтын. Мемлекеттік билікке өз адамдарын тартатын. Жоғары лауазым иесі ретінде мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатын жүйеге келтіріп, экономика мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шешімдер шығаратын. Соғыс жағдайында жоғары қолбасшы саналатын. Шет мемлекеттерге елшілер жіберіп, елшілер қабылдайтын. Өзге елдермен дипломатиялық келісімдер жасайтын. Халыққа салық салатын, иқталар үлестіретін, мәліктерді, уәзірлерді, әскери және қазына қызметкерлерін тағайындап, қызметтен босататын.
Жарғы құқығына келер болсақ, сұлтан сот жүйесіне де жетекшілік жасайтын. Ол бас қазы ретінде аптаның белгілі күндерінде әділетсіздікке ұшыраған адамдардың мұң-мұқтажын тыңдап, сот отырысын өткізетін. Сотта халықтың шағымын қарап, қоғамда әділдіктің орнауына бар күш-жігерін салатын. Сот саласындағы абсолютті құқығын иелене отырып мемлекетке қарсы қылмыс жасағандарды тұтқындауға шешім шығара алатын. Қажет болса, тергеу ісіне өзі қатысып, жаза тағайындай алатын. Сонымен қатар амнистия жариялауға да ерікті еді.
Мұхан ИСАХАН