Сұрақ: Қатты шаршап тұрғанда сүннет намаздарын оқымай-ақ қоюға бола ма?
Жауап: Сүннет намаздары – шариғат тарапынан міндеттелмегенмен, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) парыздан бөлек өз еркімен қосымша істеген құлшылықтары. Сүннет намаздардың мұсылманның өмірінде маңызы өте зор.
Мысалы, Алла елшісі (с.а.с.): «Таң намазының екі рәкат сүннеті дүниеден және ондағы бүкіл нәрседен артық» (Муслим) деген.
Сол секілді ақыреттегі пайдасы туралы да:
«Қиямет күні құлдан сұралатын амалдарының әуелгісі – оның намазы. Намазы дұрыс болса, құтылып, табысқа жетеді. Намазы дұрыс болмаса, сәтсіздік пен зиянға ұшырайды. Егер парыз намазында бір кемшілік болса, Алла тағала періштелерге: «Құлымның өз еркімен істеген нәпілі бар ма екен, қараңдар!» – дейді. Бұл нәпілмен парыз намазындағы кемшіліктің орны толтырылады. Кейін барлық амалдарымен осылай жасалады» (Тирмизи) деген.
Айша анамыздың (р.а.) жеткізуі бойынша Пайғамбарымыз (с.а.с.) бесін алдындағы төрт рәкат сүннетті ешқашан тастамайтын» (Бұхари).
Көріп отырғанымыздай, Алла елшісі (с.а.с.) олардың маңыздылығын үмбетіне осылай жеткізген. Бірақ, жоғарыда айтылғандай, сүннет намаздар парыздар секілді міндеттелмегендіктен, орындалмаған жағдайда күнә болмайды. Дегенмен, жоғарыда айтылған маңыздылығына қарай мүмкіндігінше оны тастамаған абзал.
Алау ӘДІЛБАЕВ
Бесіннің парызынан бұрын екі рәкәт сүннетін оқыса болама
Бесіннің парызынан бұрын 4 ракағат сүннет оқылады ғой.