Бізді қоршаған ортадағы адамның өмірі үшін өте маңызды нәрселердің бірі – су. Өлі топырақтың жанданып, жап-жасыл болуы, жан-жануар мен адамның суға деген сұранысын қанағаттандыру үшін, көктен тап-таза жаңбыр жаудырушы – Ұлы Раббымыз Алла Тағала (Фурқан, 25/48-49; Хаж, 22/63.). Алла бүкіл жандыны судан жаратқан (Нұр, 24/45.), соның ішінде адамға да суға тәуелді етіп тіршілік берген.
Алланың елшісі (с.ғ.с.) жауып тұрған жаңбырды көргенінде «(Бұл су) Раббымыз тарапынан біраз уақыт бұрын ғана жаратылды» – деп, адамдарға судың қадірін ескертті.
Ардақты пайғамбар (с.ғ.с.) судың Алладан келген берекет екендігін тілге тиек етіп, астан соң бата бергенде «Бізді суға қандырған Аллаға мақтаулар болсын» – деп шүкірлік дұғасын қылды.
Дәрет пен ғұсыл секілді ғибадаттарда қолданылған су – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұғаларында былайша орын алған еді: «Уа, Алла Тағалам! Ақ киім кірден тазарғаны секілді, мені де күнәлардан тазарта гөр! Уа, Алла Тағалам! Менің күнәларымды су, қар және бұршақ суы арқылы тазала!».
Табиғаттың ажырамас негіздерінен болып табылатын суға қатысты адамның өте көп жауапкершіліктері бар. Өйткені, су – өмір! Қалай болса солай қолдануға болатын нәрсе емес.
Бір күні, Сағд ибн Уәққас дәрет алып жатқанда мейірім пайғамбары (с.ғ.с.) жанынан өтіп бара жатып «Бұл не деген ысырап?!» – дейді. Сағд, «Дәрет алуда да ысырап бола ма?» деп сұрағанында, Алла елшісі (с.ғ.с.) «Иә, тіпті, ағып жатқан өзеннің жағасында болсаң да (дәрет алуда ысырап бар)», – деп жауап қайтарды. Демек, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең қасиетті мақсаттар үшін болса да суды өрескел қолдануға рұқсат етпеген және Өзі де (с.ғ.с.) бұған аса қатты мән берген.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) су көздерін қорғауда ерекше табандылық көрсеткен. «Лағынетке ұшырауға себеп болатын үш нәрсені істеуден – су көздеріне, жолдың ортасына, көлеңкелі орындарға дәрет сындырудан сақтаныңдар» – деген.
Әсіресе, тоқтау суларды дәрет сындыру арқылы ластауға хадистерде ерекше тыйым салынған. Ал, теңіз суының таза екендігініне қатысты Алла елшісі былай деген: «Оның (теңіздің) суы – таза-тазалаушы, өлісі – адал.»
Ысырапшылықтың кесірінен су қайнарларының таусылуы қоршаған ортаның тепе-теңдігін бұзып, бүкіл жанды атаулы мұның зиянын тартуда. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз заманындағы табиғи су көздерінің қорғалуына қатысты ескертулеріне зер салсақ, қазіргі уақытта канализация суларының, медициналық, химиялық және өнеркәсіптік қалдықтардың өзен-көлдерге, теңіздерге тасталмауы керек екені белгілі болады. Мұндайда атам қазақ «Судың да сұрауы бар» деген.
Балғабек Мырзаев,
дінтанушы