Соңғы жылдары жан күйзелісі (стресс) ең жиі кездеcетін дертке айналды. Жас баладан еңкейген қартқа дейін стреске ұшырайтын кезеңнен аман шығудың жолы бар ма? Осы мәселенің анық-қанығын мамандар айтып берді.
Статистика бойынша 2020 жылы елімізде психиатриялық ауруханалардың қызметтері 16,8 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 27,2%-ке көп.
Психикалық аурулардың шығу себептері әртүрлі. Медициналық және психикалық ғылыми зерттеулердің қорытындысы бойынша, стресс адамның психикасына әртүрлі әсер етіп, әртүрлі өзгерістерге әкеледі.
Психотерапевт дәрігер Наталья Викторовнаның айтуынша, бұндай аурулар тұқым қуалайтын және жүре пайда болатын болып екі топқа бөлінеді. Тұқым қуалайтын ауруларға: олигофрения, шизофрения, эпилепсия, маникальды-депрессивті психоз және т.б. жатады.
-Жүре пайда болатын психикалық аурулар көптеген себепке байланысты: дұрыс тамақтанбау, интоксикациялық жағдайлардың ықпалы, зат алмасу процестерінің бұзылуы, экологиялық жағымсыз жағдайлар, қанның резус факторы және т.б.
Ұлыбритания ғалымдары 86 мың адамға зерттеу жүргізіп, нәтижесінде күйзелістің (депрессияның) адам ағзасының қабыну процесіне ықпал ететінін анықтаған, – дейді маман.
Психолог Бинұр Мұратқызының айтуынша, күйзелістің адам денсаулығына теріс әсер ететіні бұрыннан белгілі, алайда психологиялық дерттің зардабы одан да ауыр болып тұр.
– Ол адамның ажалын жақындатып, тез қартайтатынын ғалымдар анықтаған. Бұл тарапта арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізген ағылшын ғалымдары UK Biobank жобасы аясында 85 895 адамның қан үлгілері мен ДНҚ-сын талдаған. Бұдан бөлек, олардың дене салмағы, жасы, жат әдетке бой алдырғаны, өмірде алған жарақаты, әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен мәртебесі ескерілген.
Дәлірек айтсам, күйзеліске түскен адам жиі шылым шегеді, жиі тамақтанады, содан барып артық салмақтан зардап шегеді. Осылардың барлығы сөзсіз ағзада қабыну процесін тудырады, – дейді психолог.
Әлемдік деңгейдегі ғалым Сельенің айтуынша: «Стрестен толық құтылу, бұл – өлім». Өйткені, 24 сағатымыздың стрестен бос минуты өте аз екен. Жаһанданудың ең алапат ауруы – күйзеліске ұшырағандардың қатары күрт өсіп барады.
Бинұр ханым қатты шаршағанда «бес минут көз іліктірсем шаршағаным басылады» деген үмітпен ұйықтауға тырысамыз дейді. Бірақ ғалымдардың дәлеліне сенсек, ұйықтап жатқанда түс көргеннің өзі стрестің белгісі екен.
– Өмір тауқыметін көріп үлгермеген жас ұрпақ арасында стреске ұшырайтындар саны ойлантатын дәрежеге жетті. Тіптен, жетегіндегі сәбиінің сұрағына жауап берудің орнына қағып-соғып, өзімен қоса сәбиді де стреске ұшыратып жатқандар қаншама? – деді психолог.
«Қайда барсаң, Қорқыттың көрі». Құтылатын жолы бар ма? Соңғы жылдары күйзелістен дер кезінде құтылу жолдарын насихаттайтын шетелдік психологтардың кітаптары қалың нөпірге айналды. Түбіне жете алмастай шексіз оқудан да күйзеліске ұшырауыңыз әбден мүмкін.
Десе де, стрестен құтылу өз қолымызда. Атам қазақ «болған іске – болаттай бол» дегенді текке айтпаған. Сабыр сақтап, күйзелістің құрдымына кетпей, аман қалуды қарастыру, өз бойымыздағы тосын тауқыметке қарсы тұра білу қабілетімізге тікелей байланысты.
«Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің, сабыр түбі – сары алтын, өтесің де кетесің» деген ата сөзді бойымызда дарыта білсек, стрестен құтқарарлық терең мән бар.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ