«Еңбек – бәрін де жеңбек».
«Білімдінің қолында жанған шырақ».
Ал осы екі қасиетті ұштастырған адамның шығар биігі де, алар асуы да мол. Оқығанын тоқыған жанның, алған ілімін іске жаратқанның жетістігі көзге көрінеді, ауызға ілігеді. Өйткені, білімді игерген бар да, оны кәдеге жаратқан бар. Бұл екінің бірінің қолынан келеді деу қиын. Біздің осы мақаламыздағы кейіпкеріміз осы үдеден шыққан, қос қасиетті қатар меңгерген. Өмір дейтін бұралаң соқпақтың бел ортасына келгенше бірсыпыра өткелді басқан, машақатты басынан өткерген, маңдай терін сарқа төккен. Бақытжан Сатершиновтың еңбек жолын ұрпаққа өнеге етуге, замандастарына үлгі етуге әбден болады.
Әңгімемізді әріден өрбітсек, сонау Сырдың бойындағы Жаңақорған ауданына қарасты Төменарық кеңшары, Қожамберді ауылында тұратын Меңлібектің отбасы 1969 жылғы алай-дүлей 20 ақпанда алабөтен қуанышқа кенелген. Шаңырақты шаттыққа бөлеген шекесі торсықтай ұлдан әке-шешесі үлкен үміт күтті. Бала күніндегі ойлы жанары болашағынан бір хабар бергендей-ақ еді. Ауылдың өзі құралпы қарасирақтарымен бірге жеті жасында Жаңақорған кентіндегі сегізжылдық №3 мектеп-интернаттың табалдырығын аттаған. Ә дегеннен білімге құштарлығын аңғартқан тұлымшағы желбіреген жеткіншектің талабын ұстаздар да хош көрген. Білім ошағын үздік бітірді. Араға уақыт салмай білімін бұрынғы Коммунизм, қазіргі Қожамберді ауылындағы №162 орта мектепте жалғастырып, оны да абыроймен тәмамдады.
Сол уақыттың талабы сондай болды ма, аттестатын қолына алысымен, бір жыл мал бодақылау комбинатының қара жұмысына жегіле кеткені бар. Ер жігітке Отан алдындағы борышын өтеу – парыз. Бозбала Бақытжан он жетіге толар-толмас шағында Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Мәскеу әскери округіндегі 43007 бөлімінде әскери құрылысшы қызметін атқарды.
Адамның бір қанаты арман емес пе? Сол арман Бақытжанды да Алматыға жетелеп алып келген. 1989 жылы. Иә, жарты әлем аласапыран күйде-тұғын. Иек астындағы тарихты ешкім ұмыта қойған жоқ. Сол кездегі іргелі оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне құжаттарын тапсырды. Тарих факультетіне түсіп, оны тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы мамандығы бойынша 1994 жылы бітіріп шықты. Дипломын қолына алған кейіпкеріміз көп ойланбастан туған жеріне жол тартты. Қызылорда политехникумында тарих және қоғамдық ғылымдар негізі пәндерінен дәріс берді. Жас кадрдың белсенділігін байқаса керек, араға жыл салмай-ақ Бақытжан Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтына (кейінірек Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) шақырту алды. Онда ғасырлар тоғысына дейін оқытушы, аға оқытушы қызметтерін атқарды.
Б.Сатершинов тек білім берумен шектелген жоқ. Ғылыммен де айналысып, едәуір жетістіктерге жетті. Айталық, 2000 жылы шілде айында мәдениет теориясы мамандығы бойынша философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін «Қазіргі Қазақстан мәдениеті дамуының негізгі бағдарлары мен қайшылықтары» тақырыбында жазылған диссертациясын абыроймен қорғап шықты. Осы жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясының Қызылорда филиалына жұмысқа тұрып, аға оқытушы, ғылым бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
Еңбек жолын зор шабытпен бастаған маманның шалғай өңірде тұрақтап қалуы обалдай-ақ еді. Мұны өзі де түйсінсе керек, 2004 жылдың қыркүйек айында Алматы қайдасың деп, сол кездегі оңтүстік астанаға жол салған. Алғаш барған жылдары Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде аға оқытушы ретінде философия және мәдениеттану пәндерінен дәріс оқыды. 2005 жылдың наурыз айынан бастап ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының қазақ философиясы және эстетикасы бөлімінде аға ғылыми қызметкер, ғалым-хатшы, жетекші ғылыми қызметкер болды. 2012 жылдың қаңтарынан осы институттың дінтану бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған, қазір бас ғылыми қызметкер.
Тағы бір айта кетерлігі, 2010 жылы ол аталмыш институт жанындағы диссертациялық кеңесте «Тарихи сананың қалыптасуы мен дамуын әлеуметтік-философиялық талдау» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғап, Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен философия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. Сонымен қатар, осы тұста «доцент» ғылыми атағына қол жеткізді. 2017 жылдың 15 наурызында «профессор» ғылыми атағы берілді. Бұның барлығы айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе, Бақытжан осы уақыт аралығында қаншама кітапты парақтап, қаншама қағазға көз майын тауысты, қаншама білімін ой елегінде екшеп, талдау жасады, қортындылады десеңші!
Бақытжанды әріптестері мамандығына адал, қоғамына жанашыр азамат ретінде таниды. Оның адамдық болмысы мен ғалымдық келбеті бір-біріне үйлесіп жатыр десек, артық айтқандық емес. Ең бастысы, ол айналасына еңбекқорлықтың нағыз үлгісін танытып жүр. Оған қарап көптеген жас ғалымдар бой түзейді, өмірлеріне сабақ алады, руханиятымызды дамытудағы еңбегін ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Ұлт мәдениетінің кешегісін, қазақы дүниетанымымызды біз сөз етіп отырған ғалымның жазбаларынан терең тани түсеміз.
Б.Сатершиновтың айналысатын ғылыми тақырыбы қазақстандық мәдениеттің дәстүрлі және қазіргі қабаттарының мәселелерін, тарихи сана мен әлеуметтік философиялық түйіндерді, әлемдік және отандық саяси-құқықтық ойдың тарихы мен қазіргі кезеңінің проблемаларын, сондай-ақ дінтанушылық мазмұнды қамтиды. Ол – қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі 200-ден аса ғылыми және ғылыми-сараптамалық еңбектің, оның ішінде 3 жеке монографияның, оншақты ұжымдық монографияның, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. Ғалымның әртүрлі конференциялар мен симпозиумдарда сөйлеген сөздері Жапония, Ресей, Түркия, Голландия тәрізді елдерде өткен ғылыми форумдардың жинақтарында жарияланды. Бақытжанның «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында әлемдік классикалық философияның көрнекті өкілдерінің шығармаларын қазақша сөйлеткенін айрықша атап өтуге тиіспіз. Сондай-ақ қоғам мен ғылымның өзекті мәселелерін БАҚ-та жариялап, көсемсөзші қырынан көрінгені бар.
Бақытжан Меңлібекұлы – ғылым саласында ойып тұрып орын алып үлгерген азамат. Оның жазбалары, ғылыми еңбектері жоғары оқу орындары студенттерінің терең білім алуына зор үлес қосып жатқанын баса айту қажет. Біз ғалымнан әлі де үлкен жаңалықтар күтеміз. Өйткені, оның еңбекқорлығы, ізденгіштігі осындай үмітке жетелейді. Бақытжанның руханият, дін саласындағы монографиялық жарияланымдары тың идеяларға, танымды арттыратын ойларға құралған және бөгде сөздерден немесе бейсауыт сөйлемдерден ада.
Иә, осындай тәжірибесінің, жанкештілігінің арқасы шығар, кейіпкеріміз бірқатар журналдардың, оның ішінде ФСДИ «әл-Фараби», «Адам әлемі» журналдарының редакциялық алқасына мүше. «Қазақстан Дінтанушылары Конгресі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Мәңгілік ел» ғылыми негіздері (гуманитарлық ғылымдар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» басымдылығы бойынша Ұлттық Ғылыми кеңес төрағасының орынбасары сынды қоғамдық қызметтерді қоса атқарады.
Осындай жолдардан өтіп, үлкен белестерді бағындырған, асуларды алған Бақытжан Сатершинов биыл ердің жасы елуге толды. Мерейтой иесінің әлі елге берері де көп, елдің одан көп дүниені күтері де анық. Ендеше ісіне дәйім сәттілік дейміз де!..
Балғабек МЫРЗАЕВ,
ҚР Қоғамдық даму министрлігі
Қоғамдық келісім комитеті төрағасының міндетін атқарушы