Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров 101 жастағы Валентина Волкодавты мерекемен құттықтады. Валентина Архиповна – Ұлы Отан соғысының ардагері, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО-да көзі тірі санаулы ғана майдангер қалса, солардың бірі – 19 жасында соғысқа аттанған Валентина Волкодав. Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған әйел туған елге тек 1945 жылдың күзінде ғана оралған.
Бүгін өңір басшысы Айдарбек Сапаров сыйлығын алып, Петропавл тұрғыны Валентина Архиповнаның үйіне барды. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшаында жариялады.
«Соғыс ардагері Валентина Архиповна биыл 101 жасқа толды. Ол – қос ғасыр куәгері. 19 жасында соғысқа аттанып, Белорусь, Украина майдандарында көпір салатын отрядтарда қызмет атқарды. Әскери отрядтар көпірлер салып, жауынгерлердің өтуіне жағдай жасады. Ол Еділден Берлинге дейін жетті. «Варшаваны азат еткені», «Берлинді алғаны үшін» және «Белоруссияны азат еткені үшін» медальдерімен, Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен марапатталған.
Соғыстан кейін Целиноград қаласында керамика зауытында есепші болып еңбек етті. Петропавлда 30 жылға жуық тұрып жатыр.
Валентина Архиповнаға мықты денсаулық, отбасы амандығын тіледім. Балалары мен немерелері күнде қуанта берсін», – деп жазды Айдарбек Сапаров.