Бауыржан Момышұлынан бір студент «Сіз кімнен өнеге аласыз?» – деп сұрапты. Сонда батыр бабамыз: «Мен қорқақтардан, қаңғыбастардан, маскүнемдерден, өмірде қателескен, жолы болмаған жандардан өнеге алам» деп жауап берген екен. Әлгі студент таң қалып:
– Мұныңыз қалай ? Өнегені жақсы адамдардан алу керек емес пе? – десе,
– Қорқақтар да, қаңғыбастар мен маскүнемдер де дүниеге мен сияқты, сен сияқты пәк күйінде келген. Кейін олар өмірдің қиыншылығымен күресе алмады. Содан тасқа соғылған шөлмекке ұқсап быт-шыты шықты. «Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» деген қазақта аталы сөз бар. Ең оңай нәрсе – жамандық. Оған жету үшін көп ойланудың, көп күш жұмсаудың қажеті шамалы. Жаман жолға түсу де оңай. Олардың таңдауы сол оңай жол болды. Олар сол оңай жолмен кетті. Мен, міне өзім адаспас үшін осындай өмірі сәтсіз адамдардың қателіктерінен де өнеге алам» – деп жауап берген екен.
Дайындаған –Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ