Біздің еліміз теріс ағымның ықпалына түсіп, жаза басқан бауырларымыздың қайта қоғамға қосылуы үшін үздіксіз мүмкіндіктер сыйлауда. Әрине, қателеспейтін адам жоқ, барлық адам қателік жасайды. Құранда: «Алла тәубе еткендерді жақсы көреді», – десе («Бақара» сүресі, 222-аят), ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) хадисінде: «Кімде-кім күн батыстан шықпас бұрын тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді», – деген.
Санасы уланып, жат ағымның жетегінде кеткендерге қолды бір сілтесек те болар еді. Бірақ, ондай жағдайда біздің имандылығымыз бен қазақтығымыз қайда қалады?! Өз ұлтынан безіп, тұманды дінсымақтың жолында адасқан жандарды елімізге кері қайтарып, қазақ қоғамына қайта қосу – бұл ұлы жеңіс деп білемін. Сирияға сән-салтанатты өмір іздеп, нәтижесінде сандалып сан соққандардың қатарында қаракөз қыздарымыз бен абзал азаматтарымыз аз емес.
«Жусан» операциясымен елге оралған қыз-келіншектердің әрқайсымен жеке-жеке сұхбат жүргізіп, оңалту жұмытарын жасау үстіндеміз. Мақсатымыз – олардың діни сауатын анықтау, дәріс беру барысында қандай дүниелерге көңіл аудару қажеттілігін бағамдау.
Мен «Ақниет» ақпараттық-насихаттау жане оңалту орталығы» қоғамдық қорының Қарағанды қаласы бойынша теологы ретінде оларға ең алдымен, дәстүрлі бағыттағы мәзһаб танымымен, ислам дінінің идеологиясымен және сенім мәселесімен таныстырамын. Дәріс беру барысында түрлі себеппен жалған ағымның жетегінде кетіп, туыстарымен не басқалармен бірге шекара асып, соғыс өртіне тап болған жерлестеріміздің діни сауаттылығы өте төмен екендігін байқадым.
Қаракөздердің өз Отанындағы тыныш өмірді тәрк етуіне тағы да сол діни сауатсыздық себеп болған. Олардың кейбіреуі араб қарпін сәл-пәл танығанымен, жеткілікті діни білімдері жоқ. Ал біреулері ешқандай діни білім алмаған, ол жаққа күйеуімен немесе туыстарымен бірге кеткен. Ол жерде, әрине, діни білім алуға мүмкіндік болмағандықтан, елге сол күйі қайта оралған. Ал біз оларға дінді барынша жеңіл түсіндіруге тырысамыз.
Азаматшалармен жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде олардың теріс әрекетке ілім-білімнің жоқтығынан, жақындарынан қолдау таппай, жылулық сезіне алмағандарынан, қала берді рухани ілімді ғаламтор желілерінде өтірік-шыны белгісіз адамдардан алуларының нәтижесінде ұшырағанына көз жеткіздік.
Отанын тастап, оқ пен оттың алаңынан табылғанына өкінішін білдіріп, басынан өткен қиыншылықтарын күрсіне еске алатындары қаншама?!
Солардың бірі – Айшаның (есімі ауыстырылды) баяндауынша, ол 10 жыл отасқан жұбайымен ақыры тіл табыса алмай, қарым-қатынастарына сызат түсіп, екі жаққа кеткен. Өз жақындарынан да қолдау таба алмаған жалғыз басты ана жат ағымның жетегінде жүрген бір құрбысынан көмек сұрайды.
Осылайша түр-түсін білмейтін жат адамнан бар қамқорлықты сезінген екі балалы ана олар не айтса да барлығын айна қатесіз жасауға дайын болады.
Күндердің бір күні сол құрбыларының ықпал етуімен шетелдегі бір азаматқа ойланбастан тұрмысқа шығады. Ислам аясында бақытты ғұмыр кешемін, діни білім аламын деп барған қандасымыз бейбіт күнде қан майданды, қатігездікті көргенде, соқыр сенімі адастырғанын түсінеді. Осылайша бірнеше жыл қиыншылық пен қорлықтың ортасында өмір сүреді.
Елбасымыздың тапсырмасымен азаматтарымызды елге қайтару мақсатында қолға алынған «Жусан» операциясы туралы хабарды естігендегі толқыныстарын да жасырмайды. Әрқайсы Қазақстан билігінде отырған азаматтарға алғыстарын жеткізеді. «Қазақстаннан адамдар келгенде қатты қуандық, біз елімізді сатып кетсек те, мемлекетіміз бізді далаға тастамады», – дейді ол.
«Бұл жаққа келерде жасаған қателігіміздің жазасын өтейтінімізді анық білдік. Өзге елде аштықтың азабын тартып, қашан ажал құшатынымызды күтіп жатқаннан, өз елімізде жазамызды өтеген жақсы. Ең бастысы балаларымызды тыныш, бейбіт елге жеткіздік.
Бізге мемлекет бар жағдайды жасауда. Түзеу мекемесінде болсақ та, моральды, психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетілді. Енді еліміздің бірде-бір азаматы Сирия асып, біз көрген өмірді көрмесе екен деп тілеймін.
Себебі, Қазақстанға келгелі көп нәрсенің қадірін білдім. Тіпті, қарапайым ғана еркіндік, тыныш ұйқы мен бір тілім нанның өзі қандай қадірлі?! Сондықтан жастарды адаспауға, өз елінің қадірін білуге шақырамын. Қайда жүрсең де, кім болсаң да, сен тек өз еліңе ғана керексің. Бар бақытты осыннан-ақ табуға болады», – деп өз ұлтына деген ыстық ықыластарын жеткізуде.
Еліміздегі «Жусан» операциясы өз нәтижесін беріп отыр. Отанымыздың бейбіт өмірі бәрінен қымбат екенін олар жат елде жүргенде-ақ түсінді. Оларды жатсынып, шетке шығару адамгершіліктен алыс. Осындай жағдайларды көзімен көріп келген қыз-келіншектермен жұмыс жасау – біз үшін нәтижелі еңбек.
Бүгінгі бейбіт өмірде сол азаматшаларымызбен жасалған әрбір әрекетіміз, дұрыс бағыттағы тәрбиеміз барша ұлтты тәрбиелеуге қосқан үлесіміз деп сенемін.
Айткүл ҚҰРМАНТАЙҚЫЗЫ,
«Ақниет» ақпараттық-насихаттау жане
оңалту орталығы» қоғамдық қорының
Қарағанды қаласы бойынша өкілдігінің теологы