Бұл мәзһабты Фатимидтер динацтиясының халифасы әл- Хаким би-Эмриллаһ әл-Мансұр бин әл-Әзиз Биллаһтың уәзірі Хамза бин Али негізін қалады. Фатими билеушісі әл-Хакими бұл мәзһабқа қолдау көрсеткендіктен, алғашқыда діни ағым Хакими деп аталды. Хакмимилер әу баста Исмайлилермен бір болып, соңынан хулул сенімін ұстануына байланысты дербес мәзһаб ретінде құрылды. Дүрзи өкілдерінің айтуына қарағанда әл-Хаким халиф болғаннан кейін өз пікірлерін тарату үшін жан-жаққа елшілер аттандырған. Үш жыл бойы үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, Хакимилер дамудың жаңа сатысына көтеріледі. Олардың хулул сенімі бойынша әл-Хакимидің бойына илаһи рух енген. Хамза бин Али Хақты бір деп білгенімен, «ғибадат жасаудың қажеттілігі жоқ» деген сандырақ пікірді насихаттады.
Хакимилер үгіт жұмыстарын жүргізіп жатқанда, 1016 жылы түбі Бұхаралық, ұлты түрік Нештекин әд-Дурзи атты тұлға Мысырда әл-Хакимнің атынан үігіт жұмыстарын жүргізіп, өзінің имамдығын жариялайды. Осыған байланысты мәзһаб енді Хакими-Дүрзи деп атала бастайды. Мәзһаб өкілдері халықтың қарсылық көрсеткеніне қарамастан, дүрзилік қозғалысты тоқтатқан жоқ. Олар өздеріне қосылғандарды «дүруз» деп атайтын.
Хакими-Дүрзи мәзһабы да өзге шиғалық ағымдар секілді концпирациямен жұмыс жасайтын. Тарихшылар крестшілер жорығы кезінде Дүрзилердің франктардың жағында болғанын айтады. Тайм, Сайда, Шам, Бейрут өлкелеріне тараған Дүрзилер Осман билігі тұсында мемлекетке қарсы ұдайы әскери көтерілістер жасайтын. ХVІ ғасырдан бастап Дүрзи өкілдері Сирияның оңтүстігінде көптеп шоғырланды. Бүгінгі күнде Дүрзилер Ливан, Сирия, Палестина және Иорданияда өмір сүрді. Бейресми деректерге қарағанда бүгінде Дүрзилердің саны жарты миллионнан асып жығылады.
Дүрзилер өз рухани көсемдерін «Шейхул-л Ақл» деп атайды. Өзара даулы мәселелерін шешетін діни соттары және үш адамнан тұратын мәжілістері жұмыс істейді. Дүрзилер өз мүшелерін ақылдылар және надандар деп екіге бөледі. Ақылдылар мәзһаб қағидаларын жақсы біледі және берік ұстанады. Ақылдылар ішімдік ішпейді, шылым тартпайды. Үстеріне арнайы киімдерін киіп жүреді. Олар үлкен күнәлардан барынша сақтанады. Ақылдылардың көсемі «Шейху-л Ақл» бәрінен жоғары тұрады. Олар жалғыз өмір сүргенімен, құмарлыққа да бой алдырады. Надандар дін істерін жақсы білмегендіктен, ақылдыларға бағынады. Ақылдыларға ішіп-жеуге тиым салынған және өзге де іс-амалдарды надандар жасауға міндетті саналады.
Дүрзилердің сенім негіздерін Хамза бин Алидің пікірлері құрайды. Оның пікірінше Алла жеті имамның бойына енген. Жаббар Хақ соңғы рет әл- Хаким би-Эмриллаһ болып көрінген. Ал, Хамза болса, әл-Хакимнің тәухид ілімі мен нұрын насихаттайтын имам немесе пайғамбар. Осыған байланысты, Дүрзилер үшін әл-Хаким би-Эмриллаһ тәңір, ал Хамза әмірші. Олар иман келтіру, намаз, ораза, хажылық, зекет, жихад, достық атты жеті қағиданы ұстанады.
Дүрзиенің сенім негіздері Исламға мүлде жат саналады. Олардың діни ұстанымына ескі діндер мен философиялық көзқарастар әсер еткен. Кейбір Исламдық белгілері болмаса, Дүрзи сенімінде иуда, христиан, манехейзм діндерінің ықпалы басым.
Дүрзилердің көзқарасынша илаһи білімге қол жеткізген мұсылманға ғибадат жасаудың қажеттілігі жоқ. Діни үкімдер мен дәлелдер ешқандай мағынаны білдірмейді. Оларға шариғат қағидаларынан қарағанда Хамза бин Алидің пікірлері маңызды. Дүрзи өкілдері сенім мен ғибадаттан батыни және философиялық мағына шығаруға көбірек назар аударады. Калима шахадат пен намаздың Аллаға жақындататынын, сондай-ақ, ораза мен хажылық ғибадаттарын теріске шығарады. Ақидадағы ақырет, жұмақ, тозақ, ғарыш, есеп пен жаза түсініктерін осы дүниеде болады деп түсінеді. Олардың пайымдауынша шын мәніндегі қиямет-қайым – Хамза бин Алиге сенбеушілік болып саналады. Осы себептерге байланысты, Ислам ғұламалары Дүрзилерді мұсылман жамағаты деп есептемейді.