Сұрақ: Сирия аймағындағы қарулы қақтығысқа кеткендердің негізгі себебі не деп ойлайсыз?
Жауап: Сирия аймағындағы қарулы қақтығыстарға кеткендердің әрқайсысы түрлі себеппен, түрлі жағдайлармен барғандар. Негізгі себебі – олардың діни сауаттарының таяздығы немесе мүлдем жоқтығы деп анық айта аламыз. Осының кесірінен азаматтарымыз жалған «шейхтардың» өтірік уағыздары және әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттарына еріп кетті.
Сондай-ақ, кейбір отбасындағы берекенің болмауы, тұрмыстық тіршілікпен жүрміз деп балаларының тәрбиесіне көңіл бөлмегендерінің нәтижесінде, деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсіп қалуы салдарынан Сириядан бірақ шыққандар болды.
Сирияға ең алғаш кеткендер, сол елдегі мұсылмандардың жағдайы қиын, оларды қырып-жойып жатыр, мұсылман бауырларымызға көмектесуіміз парыз деп барғандар еді. Бірақ, барғаннан кейін ол жақта ешқандай да «қасиетті соғыс» жоқ екенін, ақша мен билікті көздегендердің өзара таласып қырқысып жатқандарын көріп өкініп, елімізге қайтып келгендері де болды. Кейіннен, олар ақпарат құралдарына сұхбат беріп, Сириядағы соғыста мұсылмандықтың иісі де жоқ екенін айтып жариялады. Осы туралы бірнеше деректі фильмдер түсіріліп, әлеуметтік желілерде таратылды. Өкінішке орай, жалған идеяға уланған, өздерін шынайы мұсылман санаған көптеген азаматтарымыз бұған құлақ аса қоймады.
Одан кейінгілері, «Халифат» идеясына уланып, мұсылмандар кәпірлер билеген елде тұрмауы керек, ислам мемлекетіне қоныс аударуымыз қажет, «хижра жасау» парыз деген түсінікпен саналы түрде кете бастады. Жалған «шейхтар» өз ықпалындағы жақтастарына «Хижраның» түпкі мақсатын, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың Меккеден Мәдинаға қалай қоныс аударғанының негізі мен мәнін мүлдем дұрыс түсіндірмеген. Оны олармен түрлі деңгейдегі кездесулерде өз көзіммен көрдім.
Сондай-ақ, жалған идеяға алданып қалғандары да болуы мүмкін. Мысал үшін, «Жусан» операциясымен елге әкелінген әйел азаматтардың көпшілігі Сирияға соғысуға бара жатқанымызды білген жоқпыз, күйеулеріміздің жүр деген жағына бағынып кете бердік дейді. Барған соң соғыстың ішінен бірақ шықтық, дегенмен кері қайтуға кеш болды, себебі барған соң құжаттарымызды алып қойды, еркектер мен ересек балаларды бөлек алып, әйелдер мен қыздар қатаң бақылауда ұсталғандықтан басқа баратын жерлері қалмағанын алға тартып отыр.
Қорыта келе, біздің азаматтарымыз Сирия мен басқа да қақтығыс аймақтарына, әлеуметтік желілердегі «жалған дін ғұламаларының» сөздеріне сеніп, діни сауатсыздығының арқасында кеткен.
Балғабек Мырзаев
Ұлттық дүниетанымнан алыс болғандықтан кетті Сирияға. Ондайлар бабалардың рухани мұрасынан ажырағасын жеңіл киініп, суық тигізген адамдай басқалардың зиянын тез қабылдап алады.
Елде жүргендер осыны ұғуы керек қой. Миларына кіріп те шықпайды. Кейін өкінетін болады.