Әбдулқадир Жәйлани (р.а) әулие бала кезінде Бағдат қаласына білім алуға сапарға шығады. Анасы баласына ешуақытта, ешкімге өтірік айтпа деп өсиет айтып, уәдесін алыпты.
Баласының киімінің ешкім көрмейді деген жеріне, оқуына арналған қырық динар ақшасын тығып, тігіп беріпті. Жолда бұлар кетіп бара жатқан керуенді қарақшылар тонайды. Бәрі адамдардың ақша, заттарын алып болып, Әбдулқадирден ешнәрсе таппай: “Сенде ешнәрсе жоқ па?” – деп сұрайды.
Әбдулқадир: “Менде қырық динар бар”,- деп жауап береді. Қарақшылар қыран-топан күлкіге беріліп: “Сенде қайдағы ақша? Бізді мазақ қылып тұрсың ба?” – деп сұрайды.
Әбдулқадир шапанында жасырылған қырық динарды алып, көрсетеді. Қарақшылар өз басшыларына болған жайды баяндайды. Қарақшылар басшысы келіп баладан: “Сен ақшаңды неге көрсеттің?” – деп сұрайды. Бала: “Мен Аллаға және анама ешкімге өтірік айтпаймын деп уәде бергенмін”,- деп жауап береді.
Сол мезетте қарақшылар басшысы баланың шыншыл сөзінен әсерленіп, тәубаға келіп, баладан кешірім сұраған екен. Жанындағы барлық қарақшылар да басшыларымен бірге тәубе етіп, елдің дүниесін қайтарып беріп, дұрыс жолға түсіпті.
Пайғамбарымыз (с.а.с): «Шыншыл болыңдар. Себебі, шыншылдық тақуалыққа алып келеді, ал тақуалық жәннатқа кіргізеді. Расында, пенде шыншылдықты ұстанумен Алла Тағаланың жанында “шыншыл” деп жазылады. Жалғандықтан сақтаныңдар. Себебі, жалғандық азғындыққа алып келеді, ал азғындық тозаққа кіргізеді. Расында, пенде жалғандықты ұстанумен Алла Тағаланың жанында «жалғаншы» деп жазылады»,- деп бұйырған. (Муттафақун алейһи)
Жас болса да, Әбдулқадир Жәйлани (р.а) осы шыншылдық жолымен аман қалып, басқаларға да ғибрат көрсете білді.
Алла баршамызға шыншылдық жолын нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА