Қазақ қоғамында ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында ислам діні шарықтап дамыды. Оған әртүрлі факторлар әсер етті. Қазақтардың бір бөлігінің Орынбор мүфтилігіне қарауы Ресей отаршылдары үшін тиімді болғанымен, діни-рухани бұл назарияттың ұстанымы белгілі бір деңгейде Хақ діннің қазақ жерінде ілгерлеуіне өз септігін тигізді.
Оңтүстіктегі Бұқара медреселерінің де ықпалы мол болды. Қала берді алыс-жақын шетелдерде оқыған дін оқымыстылары да ислам дінінің қазақ топырағында нығаюына өз үлестерін қосты. Сондай дін оқымыстысының бірі – Абдрахман Сыпырынды еді.
Әсілі, А. Сыпырынды туралы мәліметтер өте аз. Шығысқазақстандық өлкетанушы Шәкерхан Әзмұханбетовтың «Үкілі найза ұстанған үш Байжігіт» атты кітабында А. Сыпырындының руы Найман ішіндегі Төртруыл екенін айтады. Оның Ыстамбұл қаласында 13 жыл білім алып, одан ары қарай діни білімін жетілдіру үшін Меккеде оқығанын баяндайды. Досжан хазірет, Құнанбай сұлтан бастаған қазақ қажылары 1874-1875 жылдары Меккеге қажылыққа барғанда А. Сыпырынды сонда оқып жүрген екен.
Басқа деректерде сол жылы Мысырда «Әл-Азхар» университетінде оқып жүрген жерінен А. Сыпырынды Меккеге қажылыққа келген. Дін жолында білім алып жүрген қазақ баласына Меккеде ұшырасқан қазақ қажылары оған қаржылай көмек көрсетеді. Басқа бір деректерде Досжан хазіреттің айтуымен Құнанбай сұлтанның оған ақшалай көмек бергендігі айтылады.
А. Сыпырынды ата-анасы өмірден өткен соң, Семейге келіп сауда жолында қызмет етіп жүріп, «Мекке-Мәдинада оқып білім алсам» деп армандайды. Жолын тауып, тәуекел етіп, Меккеге сапар шегеді. Алайда, жолшыбай Ыстамбұлда тұрақтап қалады. Көшеде нан сатып, түнде мешітке қонып, ақша жинап медресеге оқуға түседі. Ауыл молдасынан сауатын ашып, Құранның көптеген сүрелерін жатқа білетін А. Сыпырынды бұл жерде діни оқу мен тілді жақсы меңгереді. Үш жылдай білім жинақтап, Ыстамбұлда шығатын «Сабила Рашат» журналында мақалалар жариялап тұрған. Біраз уақыттан кейін Меккеге қайта бет алып, Александрия қаласы мен Суец каналы арқылы Мәдинаға жетеді.
Ол жерде діни және дүниеуи оқу оқып, түрік, парсы, ағылшын, араб тілдерін жетік меңгереді. Тірнектеп еңбек етіп, қаладан хұжайра (бөлме) сатып алады. Алла жолындағы ілімін жетілдіріп, Байтоллаға тәуап қып, «қажы» атанады.
Мәдинада екі жыл, Меккеде бес жыл, барлығы жеті жылда ол «мүддәріс» (муддарс) атағын алады. А. Сыпырынды өмірінің меккелік кезеңінде қазақтың Сарыарқа өңірінен аға сұлтан Бұтабай мен Құрбан қажылар келіп, қажылық атқарады. Олардың ізін жалғап Жұмық, Буратай, Қынаш, Ешіге, Сәйімбөлек, Саты және т.б. руларынан келген қазақ азаматтарына жол көрсеткен.
Мекке медресесінен оқуын тәмамдап, сол жерде үш жыл бала оқытып, имамдық қызмет атқарған. Мекке, Мәдина, Ыстамбұл, Мысыр қалаларында 16 жыл тұрған А. Сыпырынды білім қорын жинақтап еліне діни, дүниеуи кітаптар, оқулықтар алып қайтады. Жолда кедендік тексерістен көп кітаптары өтпей қалып, азын-аулақ еңбектерді елге әкелген.
А.тСыпырындының қай жылы оқуын аяқтағаны белгісіз. Бірақ, елге оралған соң діни қызмет жасауға рұқсат алу үшін Уфадағы Орынбор мүфтилігіне барып, дінбасылардың алдында емтихан тапсырады. Арнайы рұқсатнама алған соң Зайсанға келіп имамдық қызмет атқарады.
Белгілі дін қайраткері Ахмет Зәки Ахтямов туралы мұрағаттық құжаттарда А. Сыпырындының онымен бірге жұмыс істегендігі айтылады. Ал, Ахмет Зәки Ахтямов Зайсанға 1891 жылы қоныс аударған. Осыған қарап А. Сыпырынды Зайсанға 1890-шы жылдардан кейін келген деп болжауға болады.
Мұрағаттық құжаттарда ХХ ғасыр басында Зайсанда Қазақия және Ғизатия атты медреселердің жұмыс істегендігі көрсетіледі. Сонымен қатар, Зайсанда халық «Қызыл кірпіш мешіті» (қазіргі уақытта Зайсан қалалық ІІ Бөліміне қарасты ғимарат) деп атап кеткен құлшылық орны болған. А. Сыпырындының осы аталған діни оқу орындары мен мешітте жұмыс істегенін шамалауға болады. Ахмет Зәки Ахтямов туралы мұрағаттық құжаттарда ол құрған Зайсан қалалық мұсылман қауымы кеңесінде А. Сыпырындының бірнеше құжатта аты аталады.
А. Сыпырынды діни қызметкер ғана емес, Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы тұрған қоғам белсендісі еді. Алаш қайраткерлерінің күрескерлік ғұмырынан сыр шертетін мұрағаттық құжаттарда А. Сыпырындының да есімі аталып өтеді. Мысалы, белгілі Алаш қайраткері Отыншы Әлжанов орыс қара шекпенділерінің қазақ шаруаларының жерін заңсыз иемденуіне қарсы күрескенде, оны қолдаушы азаматтардың бірі А. Сыпырынды болған. Омбы генерал-губернаторлығына А. Сыпырынды атынан бірнеше арыз жазылған. Алайда, А. Сыпырындының кейін Отыншы Әлжановпен арасында не болғаны белгісіз, екеуі бір-біріне қарсы мәліметтер берген.
А. Сыпырынды Зайсан оязындағы «Мұхтасыб» мекемесінің жауапты қызметкері, 1910 ж. Зайсан мешітінің бас имамы қызметтерін атқарады. Қызмет еткен жылдары уақыт тауып қажылыққа барып келеді. 1934 жылы А. Сыпырынды Кеңес үкіметі тарапынан қуғындалып, Керекуге жер аударылады. Бір жылдан соң еліне қайтып, Қытайға қоныс аударады. Онда 1935 жылы Қытайдың Қобыж жеріндегі Мәсілем ауылына келіп орнығады. 1946 жылы Дөрбілжің қалашығында әйелдер мен ерлерге бөлінген екі мешіт салдырады. 1948 жылға дейін бір ғасыр ғұмыр кешіп, имамдыққа Мұхаммедті тағайындайды. А. Сыпырындының қай уақытта өмірден өткені белгісіз.
Мұхан ИСАХАН