ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жарияланған «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» жылы аясында Шығыс Қазақстан облысы ақсақалдарының VI форумы өтті.
Д.Серікбаев атындағы ШҚТМУ-дың мәжіліс залында өткен «Ислам – ынтымақ және бірлік діні» жылы: мақсат, міндеттер, ақсақалдардың орны мен рөлі» деп аталатын форумда ұлттық құндылықтар мен бірлік-ынтымақ мәселесі жан-жақты сараланды.
Өскемен аймағында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Ақсақалдар форумының кезекті жалғасы ретінде жасалды. Алқалы шараға өңір ақсақалдары, имамдар, зиялы қауым өкілдері қатысты. Форумның басты мақсаты дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту, жерлеу, салттық рәсімдерді бір арнаға түсіруді насихаттауға бағытталды.
Жиында сөз сөйлеген Өскемен аймағының бас имамы Ермек Қасболатұлы жыл сайын өтетін дәстүрлі форумның қоғам сұранысына жауап беретін өзекті мәселелерді талқылайтын алаңға айналғандығын айта келе: «Қазақ қоғамында және дәстүрлі тәрбиеде ақсақалдардың рөлі аса зор. Қазіргі уақытта елдің бірлігі аса маңызды. Бұл жолғы форумның басты мақсаты елді ынтымаққа үндеу және жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіру, осы бағыттағы «IV республикалық имамдар форумының» құжаттарын насихаттау болып отыр. Ақсақалдардың пікірлерін тыңдап, осы құжатты насихаттау мақсатында жерлеу әдебін бірізділікке түсірудің маңыздылығын да ортаға салып отырмыз» деп, бұл жолғы форумның мән-маңызына тоқталды.
Бас имам ҚМДБ жанынан «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығы құрылып, жерлеу рәсімдерін ел көлемінде бір жүйеге түсіріп, құлпытастың, зиратты қоршаудың бірыңғай үлгілері бекітіліп, қолданысқа ене бастағанын Өскемен аймағында бұл орталықтың жұмысы қолға алынғанын атап өтті.
Жиында бірқатар қариялар көтеріліп отырған мәселеге байланысты өз ойларын ортаға салып, ұсыныстар білдірді. Атап айтқанда, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы М.Мұхамеджанов: «ҚМДБ тарапынан Ақсақалдар институтын қолданысқа енгізіп, ұлттық құндылықтарға басымдық беруге талпынып отырғаны құптарлық бастама» деп атап өтіп, қариялардың ел бірлігіндегі маңызына тоқталды.
Мәдениет қайраткері, ШҚМУ-дың доценті Нәбиолла Кемешев: «Жерлеу рәсімдерін бірізділікке түсіріп, ысырапқа жол бермеу, бұрынғы салт-дәстүрді жаңғырту – бүгінгі күннің басты талабы. Қазірден бастап осы мәселені реттесек, келешек ұрпақ үшін маңызды тәрбие болар еді. Ас-науқандар байлық жарыстыратын форматта емес, өткен адамға құрмет көрсетудің өнегесін көрсету бағытында болғаны дұрыс» дей келе, «Халифа Алтай» мешітінің хатымханасында тағамдар түрлерінің реттеліп, бұл мәселеге аса маңыз беріліп отырғанын айтып өтті.
Форумда сөз алған қариялар өткен жылдардағы форумдардың да нақты ықпалы арта түскендігін айтып өтті. Ақсақалдар форумында Үндеу жолданып, ел бірлігі үшін құрбан шалынып, дұға жасалды.