Ибн Батутаның айтуына қарағанда құрылтайдың екінші бір аты «той» деп аталған. «Тойда» империяның, ұлыстың басшысы немесе билік жүргізіп отырған рудың жасы жағынан үлкен мүшесі шақыратын. Оның шақырылу мерзімі күні бұрын белгіленіп, ұлыстарға адам жіберу арқылы жария етілетін. Тағайындалған мерзімде және белгілі бір жерге империяның түкпір-түкпірінен «ханзадалар, күйеу балалар, ханшалар, түмен және мыңбасы, нояндар жиналды. Бұл жерге олардың қоластындағы патшалар мен сұлтандар мол-мол сыйлық пен тартуларын алып келетін болды.
Шыңғыс ұрпақтары ұлыс билеушісі қызметімен қоса әскери іске де жауапты лауазымды тұлғалар саналды. Шыңғыс ұрпақтарының лендері(Шыңғыс ұрпақтарына билеуге берілген әкімшілік үлес) әскери жүйедегі ондық, жүздік, мыңдық, түмендікке қарай әкімшілік бөліністі құрады. Яғни, «чингизизм» идеологиясына негізделген басқарушылық әскери-демократиялық қауымдастықтан жоғары деңгейдегі милитаристік мемлекет санатына көтерілген саяси құрылым болатын.
Құрылтайда сайланған «Хан» мәртебесінен кейінгі мансап «беклер-бегі» деп аталды. Ол әскери қызметпен бірге азаматтық сот істеріне де тікелей араласып отырды. Беклер-бегіне бүкіл түменбасы, мыңбасылар бағынышты болды, сондай-ақ, ол сот ісімен бірге сыртқы саясатты да қадағалау міндетін атқарды. Ал, қазына істерімен және азаматтық мәселелермен хан кеңесшісі – уәзір шұғылданды. Одан басқа ұлыстарды басқаратын қарашы би мен түменбасылар болған.
Аймақтарды басқару ісіне даруғалар мен басқақтарда араласты. Даруғалар негізінен салық жинаумен шұғылданды, басқақтар басқару міндетін де атқара отырып, жергілікті халыққа әскери бақылауды жүзеге асырды. Хан тағайындаған даруғалар (дарғы-бектер) кез-келген шаруашылықтың 1/10 пайызын ханның үлесі ретінде салық деп алып отырды. Басқақтар да халықтың әрбір оныншы өкілін әскерге алды. Егер, әскери міндеттен жалтарса, «чирек ұрын» жазасымен жазаланды. Мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатына жауапты беклер-бегіне бағынышты диван қызметіндегі ведомостваларда «бітікші» деп аталатын хатшылар жұмыс істеді. Сонымен бірге, мемлекеттік басқаруға атақты билер мен олардың көмекшілері – бақауыл, тұтқауыл, жасауыл, тамғашы, тартынақшы атты лауазым иелері тартылды.
«Ұлы Яса» заңы бойынша мемлекеттік қызметкерлер жалпы «төрелер» деп аталды. Қара халық төрелерге әрдайым құрмет көрсетіп, мойынсұнуға тиісті болды. Егер, тиісінше құрмет көрсетпесе, онда айып-пұл өтейтін. Мысалы, жергілікті халық төрелерді тиісті деңгейде қарсы ала алмаса, «қонақ тешен» айыбын төлейтін. Төрелерді міндетті түрде «шусун» (сусын) атты ас-сумен қамтамасыз етуге тиісті-тін. Шыңғысхан ұрпақтарының жекеменшік жерлері «сойырғал» деп аталды.