Ислам теологиясы бойынша шариғат бекіткен парызды жоққа шығару, діннен шығушылық саналады. Шыңғысхан қағбаға қажылық жасауды ада-күде теріске шығарса, онда ол иман келтірмеген болып есептеледі. Бірақ, «Түрік шежіресінде» Шыңғысханның қағбаға қажылық жасау туралы: «Тәңір неге бір жерді ғана қасиетті етіп жаратқан?» деп терең ойға берілгендігі, яғни, тафаккур жасағаны жазылған. Сондықтан, Шыңғысханның Исламды қабылдап, қабылдамағанына қатысты кесінді пікір айту қиын.
Белгілі құқықтанушы теоретик Ш.Л. Монтескье Шыңғысханның Исламдағы бесінші парызға «Неге тек Қағба ғана қасиетті?» деген мәселеге терең ойға шомғанына қарап, «Татарлар үйде тұрып көрмегендіктен, ғибадатхана дегенді де білмеген» деп, діни догманы отырықшы һәм көшпелі мәдениет тұрғысынан бөліп бағалайды. Ал, аксиологияны (құндылықтар) отырықшылық немесе көшпелілік деп жіктеу ескі еуроцентристік өлшем. Теологияда діни догманы бұлайша талдау мүлде сын көтермейді. Себебі, уағында Хақ Елшісі Мұхаммедтің (с.а.у) әкелген дініне мойынсұнған мәдани (қалалық) де, бәдауи (көшпелі) де арабтар болған. Құран мен сүннетте екі мәдениеттің өкілдеріне де артықшылық немесе жеңілдік қарастырылмаған. Яғни, халықты мәдени тұрмысына қарай діни тұрғыдан жіктеу дұрыс емес. Алланың құзырында қалалық һәм далалық та мұсылман тең саналады. Бұл жерде «Заңдар рухы туралы» авторының тұжырымы біржақты айтылған деп түсінуіміз керек.
Жалпы, Шыңғысхан дін адамдарына ерекше құрметпен қараған. «Ұлы Яса» бойынша Мұхаммедтің (с.а.у) үрім-бұтағы, сол сияқты Құран оқушы хафиздер және фақиһтер, емшілер, ғұлама ғалымдар, дәруіш-кезбелер, азаншылар мемлекетке алым-салық төлемеген. Сондай-ақ, діни бірлестіктердің меншігіндегі уақфтық жерлер де салықтан босатылған. Тіпті, Шыңғысхан Ислам дінін ұстанушылардың құнын жоғары бағалаған. Мысалы, «Ұлы Яса» заңы бойынша кісі өлтірген қылмысы үшін мұсылманға қырық алтын теңге, қытайлыққа бір есек түрінен құн төлеп құтылуға рұқсат еткен. Бұл құқықтық нормалар Шыңғысханның Ислам дініне оң көзқараста болғанын байқатады.