Орталық Азияда біржарым ғасырға жуық билік құрған Қарақан мұсылман мемлекеті күйреп, оның орнын басқан Батыс Лиау, яғни Қидан патшалығы саяси һәм рухани тұтастықты қамтамасыз ете алмады. Хорезм мемлекеті қидандар мен қыпшақтарға қарсы қасиетті күрес жүргізіп, саяси жолмен Ислам дінінің мерейін үстем еткісі келгенімен, оң нәтиже бере қойған жоқ. Қыпшақтар болса, өз ішінен тайпалық бытыраңқылыққа ұрынып, бірі Хорезм мемлекетіне бағынып, оның иелігіне айналса, енді бірі саяси тұрғыда дербестігін сақтап қалғанымен, ішкі рухани жағдайы замана сұранысына сай кемелді емес еді. Яғни, сол кезде Орталық Азия кеңістігіндегі саяси тұрақсыздық пен рухани ала-құлалықты бір ізге түсіретін бірде-бір күшті саяси құрылым болған жоқ.
Десек те, ХІІ ғасырдың орта шенінде көне Бактрия жерінде пайда болған Хорезм мемлекетінің өзгелерден біршама бәсі жоғары болды. Хорезм билеушілері Қарақан мемлекетін жаулап алған Батыс Лиау мемлекетіне қарсы ұдайы күрес жүргізді. Күрестің негізгі сипаты қасиетті соғыс мазмұнында өрбіді. Себебі, Батыс Лиау билеушілері жаулап алған қалаларына бұдда ғибадатханаларын салдырған болатын. Ал, Хорезм билеушілері Ислам дінінің жоғын жоқтап, халықты қасиетті күреске шақыруының арқасында күшейіп, Қидандар басып алған Самархан, Бұқара, Тараз қалаларын азат етті.
Хорезм билігіне ұдайы қауіп төндірген саяси күштердің бірі Қыпшақ тайпалары еді. Сыр бойындағы иеліктер және Маңғыстау жерлері үшін Хорезм билеушілері мен Қыпшақтар бірнеше рет кескілескен күрестер жүргізді. Әсіресе, Сыр бойындағы «Жент қаласын мұсылман әлемінің шекаралық аймағы» деп білген Хорезм билеушісі Атсыз қыпшақтар иелігіндегі осы қаланы үш рет жаулап алды. З.М. Бунятовтың зерттеулеріне қарағанда Хорезм мемлекеті Сыр бойындағы Жент, Баршынкент секілді қалаларды бағындырғанымен, шаһар басшысы ретінде жергілікті Қаңлы тайпасының бектерін тағайындап отырған. Мысалға, Жент билеушісі Фахр ад-Дин Әбул Қасым атақты Турқан хатунның туысы, Қаңлылардың бегі болатын. Қыпшақтарға қарсы қасиетті күрес жүргізу Текеш билік құрған (1172-1200) кезде де жалғасын тапты. Дегенмен, Текеш шаһ кейде Қыпшақ хандарымен құдандалы болып, дипломатиялық саясат жүргізумен көшпелілердің әскери әлеуетін өз мақсатына пайдаланды. Мысалы, Қыпшақ ханы Жанкеші өзінің қызы Теркен-қатынды хорезм шаһ Текешке берсе, Қыпшақтың тағы бір ханы Алып Қара өзінің ұлы Қыранды Текешке қызмет етуіне беруіне байланысты, Текеш Қыранға өзінің қызын үйлендірген. Осы құдандалық саясаттың нәтижесінде Текештің ұлы Мәлік шаһ пен Алып Қараның ұлы Қыран ханның бірлескен әскері Қидандарға қарсы соғысып, оларды Таразға дейінгі жерлерден түре қуып тастады.
Әйткенмен, Хорезм мемлекетімен Қыпшақ бірлестігінің арасындағы ахуал ұдайы бір қалыпты болған емес. С. Ақынжановтың айтуына қарағанда базбір Қыпшақ шонжарлары Ислам дінін қабылдағанымен, қыпшақтардың басым бөлігі негізінен өзінің ескі сенімдерінде қала берген. Ал, бұл жағдайда Ислам дінін желеу етіп, Орталық Азияда билік құрғысы келген Хорезм -мемлекетінің қыпшақтармен мәңгі бірге болуы әсте мүмкін емес еді. Жанкеші мен Алып Қара хандар Текеш шаһпен туыстық қарым-қатынас орнатып, Хорезм мемлекетімен бірге болғанымен, бұл одақтастық ұзақ сақтала қойған жоқ. 1195 жылы Сығанақ пен Жент билеушісі Қыпшақ ханы Қадір-Буке қасиетті күресті ту етіп күреске шыққан Текештің әскерімен бетпе-бет келді. Алып Қара ханның кезінде Хорезммен одақтас болған Ұран тайпасының Қадыр-Буке ханның жағына шығуының нәтижесінде, Текеш әскері талқандалды. Дегенмен, Текеш шаһ Қыпшақ хандарының өзара бақталастығын пайдаланып, бір-біріне айдап салу арқылы қыпшақтарды тізгіндеп отырды. ХІІ ғасырдың аяғында Қадыр-Буке хан өзінің жиені Алып-Дерекпен жауласқанда, Текеш шаһ алғашқыда Алып-Деректі қолдап, ал, Алып-Дерек күшейіп тәуелсіз саясат жүргізе бастағанда, оған қарсы Қадыр-Буке ханды қолдады. Жалпы, Хорезм билеушілері қыпшақтарға қарсы қасиетті соғыс сипатындағы жортуылдарын Орталық Азияға Шыңғысхан әскері келгенге дейін жалғастырып келді. Оның соңғысы 1216 жылы Хорезм билеушісі Мұхаммедтің (1200-1220 ж.б) Қыпшақ ханы Қадырға қарсы Торғай бойына жасаған ғазауаты болатын.