Ұлыбритания тарихында тұңғыш рет шошқа тұмауының H1N2 штамын жұқтырған науқас тіркелді. Бұл инфекция адамға тек доңыздан беріледі және сирек жағдайда ғана адамнан адамға жұғады. 2009 жылы осыған ұқсас H1N1 штамы әлемде шошқа тұмауының пандемиясын туғызып, 280 мың адамның өмірін әкеткен болатын, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
2009 жылдың жазында Британ үкіметі миллиондаған стерлинг фунтын денсаулық сақтау саласына құйып, дәрілердің қорын жасады. Мақсат — жаһанды жалмаған шошқа тұмауының тарауын тоқтату.
Солтүстік Америкадан бастау алған вирусты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия деп жариялады.
Ұлыбританияда аурудан 500-ге жуық адам қайтыс болды. Оның 70-і бала еді.
Осы аптада Денсаулық сақтау агенттігі жергілікті тұрғын шошқа тұмауын жұқтырды деп дабыл қақты.
«Инфекцияның адамдар арасында аздап тарауы мүмкін. Біз қандай да бір жұқтыру фактілерінің болған-болмағанын түсіну үшін эпидемиялық қадағалау жұмысын күшейтіп жатырмыз. Ақпарат нақтыланған кейін вирустың қаншалықты кең таралғанын білеміз», — дейді Ұлыбритания Денсаулық сақтау агенттігінің бас ғылыми кеңесшісі Изабель Оливер.
Шошқадан адамға жұғатын тұмаудың үш түрі бар. Біріншісі — H1N1 пандемиялық штамы. Ол 14 жыл бұрын шошқа тұмауы деген атауға ие болып, адамдар арасында әлі де тарап жүр.
Бұдан бөлек H3N2 және H1N2 вирустары бар. Соңғысы 2005 жылдан бері 50 адамның ағзасынан табылған, бірақ бірінші рет Ұлыбританияда анықталып отыр.
«Біз жануарлардың патогендерін, вирустарын, бактерияларын үнемі жұқтырып отырамыз. Бірақ бұл өте сирек кездесетін жағдай екенін есте ұстаған жөн және бұл инфекцияларға біздің ағзамыз қарсы тұра алады. Әйтпесе, үнемі осындай жағдайлар тіркелер еді. Бұған қатты уайымдаудың қажеті жоқ, бірақ қадағалауды қажет етеді», – дейді Глазго университетінің профессоры, вирусолог Пабло Мурсия.
Солтүстік Йоркширде анықталған науқас тыныс алуымда кінарат бар деп дәрігердің көмегіне жүгінген. Оның шошқамен тікелей жұмыс істегендігі туралы ақпарат жоқ. Шенеуніктер қазір науқастың кіммен байланыста болғанын анықтап жатыр.
«Өте мұқият және кең көлемде жасалған скринингтің нәтижесінде анықталған адамның қазір жағдайы жақсырақ. Қуанышқа орай, ауру белгілері жеңіл болды. Қазір ол толық қалпына келді», – дейді Ұлыбритания Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау жөніндегі мемлекеттік министрі Виктория Аткинс.
Дәрігер-мамандар респираторлық инфекция белгілері анықталған жағдайда үйде отырып, ауру белгілері басылғанша басқалармен қарым-қатынаста болмауға шақырады.
Әсіресе осал топқа жататын адамдардан аулақ болу керек.
Өйткені 5 жасқа дейінгі балалар, 65 жастан асқан қарт кісілер және жүкті әйелдер инфекцияны жұқтырып алған жағдайда ауруды асқындырып алуы әбден мүмкін.