Ресейдің Волгоград қаласында дүкендерде сатылып жатқан “Мұсылман” шұжығының құрамында шошқа ДНҚ-сы бар болып шықты. Ресейдің Ростов, Волгоград және Астрахан облыстары мен Қалмақ Республикасы бойынша ауыл шаруашылығын қадағалау басқармасы осындай мәлімет таратты.
“Волга ет комбинаты” өндіретін өнімнің сыртында құс және сиыр етінен жасалған деп жазылғанына қарамастан, басқарма мамандары оның құрамынан шошқа мен сояның ДНҚ-ларын тауып отыр.
Айта кетсек, бұл көрші елде орын алып отырған бірінші жағдай емес. Бұған дейін Кисловодскінің “Риалан” ет комбинаты шығаратын өнімнен де шошқа еті табылған еді. Атап айтқанда, сыртына “халал” деп таңба басылған “Кавказская”, “Каспийская” және “Одесская” шұжықтары шын мәнінде шошқа етінен дайындалғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, Челябідегі “Равис” агрохолдингінің шұжықтарынан да шошқа еті табылған еді.