Шошқа бағып даңқы шыққан Дәмелі Жақсылықова Қостанай облысының тумасы болатын.
Небары 21 жасында Социалистік Еңбек ері атанған бойжеткеннің кейінгі тағдыры кермек татып, өмірі бейнет пен қорлыққа толы болып өткен, деп жазады Эскпресс К.
Дәмелі Жақсылықова Қарабалық ауданының Елшан ауылында 1938 жылы 14 желтоқсанда туған. Еңбек жолын 20 жасында осы кеңшардағы шошқа фермасында бастап, бүкіл өмірін сонда өткізіпті.
Талпақ танаудың тұқымын өсіруге еселі үлес қосқан қазақ қызының омырауына Никита Хрушевтің өзі Ленин орденін және алтыннан құйылған “Орақ пен Балға” медалін таққан екен. 1961 жылдың 14 наурызында Ақмолада өткен тың өлкесіндегі ауыл шаруашылығы озаттарының кеңесінде Хрущев Дәмелінің “жетістіктеріне” айрықша тоқталып өтеді.
“Қостанай” егіншілік кеңшарының жас шошқашысы Дәмелі Жақсылықова жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жемісті еңбегімен өзге жастарға үлгі көрсетті. Оған “Социалистік Еңбек Ері” атағы берілді. Ойланыңдар, жолдастар, ол – партияның үндеуіне үн қосып, шошқа фермасына жұмысқа барған бірінші қазақ қызы. Былтыр Дәмелі 1277 шошқа өсірді. Оның қарауындағы шошқаның әрқайсы тәулігіне 600 грамм салмақ қосып отырды. Алайда мұндай жоғарғы жетістікке жету оңай болған жоқ. Бастапқыда оның ісіне бүкіл ағайын-туыстары қарсы шықты. Бірақ қайсар қыз ғасырлар бойы қалыптасып қалған теріс түсінікті ысырып тастап, өз туыстарын дегеніне көндірді”, – деп мақтауын асырыпты одақ басшысы.
Ол бірінші рет шошқа жануарын топтап ұстау әдісін қолданған, автосуару мен өздігінен қоректендіру технологиясын алғаш тәжірибеге енгізген шаруа саналады. Осы жаңалықтарымен және жоғары марапаттарымен көзге түскеннен кейін-ақ қазақ қызының атағы дүркірей жөнелген. Бүкілодақтық беделді басылымдар көлдей мақалаларды жарыса жазады. 1960 жылы “қазақ қызының даңқы туралы қазақ тілшілері де насихаттауы керек” деген арнайы тапсырмамен Сырбай Мәуленов те “Известия” газетіне “Хозяйка фермы” деген атаумен орысша мақала әзірлеген.
Дәмелі Жақсылықова / © Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбетап ғылыми кітапханасы
© Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбетап ғылыми кітапханасы
Бірақ шошқашының алысқа кеткен атақ-мансабы жеке өміріне бақ сыйлай алмады. Атап айтқанда, жақын-жуықтарына ешқандай қадірі болмады. Қалап алған кәсібі үшін тұтамдай жас қыздан туыстарының көңілі суып, бәрі сырт айналды. 1961 жылғы 15 ақпанда “Ленинская смена” газеті Д. Жақсылықованың ВЛКСМ-ның ІХ пленумында сөйлеген сөзін жариялайды. Комсомол қыз сол мақалада айналасындағыдардың өзіне деген қарым-қатынасы туралы былай баяндаған екен.
“Анамның өзі осы мамандықты игеруіме үзілді-кесілді қарсы болды. Тіпті, жұмыстан шаршап келгеніме қарамастан, үйге кіргізбей қойды. Табалдырықтан тоқтатып, бір самауыр су қайнатып, жуынуға мәжбүрлейтін. Қораға барып әбден жуынып, үстіме анам әдейі сатып алған иіссуды сепкен соң ғана өз бөлмеме өтуге рұқсат алатынмын. Менің заттарым да үйдегілердікінен бөлек болды. Тамақ ішетін ыдыс-аяғым, сүртінетін сүлгіме дейін бөлек тұратын. Бірақ бертін келе анам жұмысыма қарсылық білдіруін қойды”, – депті онда Жақсылықова.
“Ленинская смена” газеті, 1961 жыл, 15 ақпан
Кейін ол тракторшы ауылдасы Иван Рогальский деген адамға тұрмысқа шығады. Аз уақыттан соң қазақ қызының азан шақырып қойылған аты ұмытылып, “Валя” аталып кетеді. Екеуінен үш ұл туып, бәрінің есімі орысша қойылып, ұлттары неміс деп көрсетіледі. Ал жақындарының “Валяға” деген жеккөрініші тіптен арта түскен. Ауыл қазақтары “Тфу, кәпір!” деп артынан түкіріп, “Доңызбен алған атағың құрысын!” деп көрген жерде табалай беруді үдетеді. Отбасы ақыры көршілес ауылдардың біріне көшіп тынған.
Дәмелі Жақсылықова / © Л.Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбетап ғылыми кітапханасы
“Ваня екеуі үш баладан үш немере көрді. Қара жұмыс әбден қалжыратқан, ағайындарынан аласталған кексе әйелдің жалғыз жұбанышы солар болды. Ол соғыстан оралмаған әкесін жиі еске алып, “тірегім тірі болғанда жас күнімнен шошқа бақпақ түгілі, сиыр да саудырмас еді ғой. Анам неге райымнан қайтармады екен? Неге әлсіздік танытып, көне салды екен?” деп, өкініштен көз жасын сығып алатын. Балапандарын көңіліне демеу етіп жүруші еді. Бірақ тағдыр мұны да көпсініпті. 1993 жылы үйі өртеніп, үлкен ұлы мен осы үш немересі өрт ішінде қаза тапты”, – деп әңгімелейді шошқашының тағдырынан жақсы хабардар қарабалықтық қарт журналист Максим Филипенко.
Бұл аз болғандай, кіндігінен шыққан екі ұлы да бірінен соң бірі белгісіз жағдайда көз жұмған. Көпке ұзамай күйеуі Иван да қайтыс болады. Аңырап жападан жалғыз қалған ана ғұмырының соңғы жылдары біржола ішкілікке салынып кеткен. Ел ішінде “алқаш” деген тағы бір “атақ” иемденіп, қу сүлдесін сүйретіп күн кешкен ол, ақыры 2001 жылы бейнет пен мазаққа толы өмірімен мәңгілікке қош айтысыпты. Бір қиыны, бейбақтың маңдайына абыройлы өлім де жазылмаған екен.
“Аудан жұртшылығы оның қазасын естісе де, естімегендей сыңай танытты. Ешкім елеп-ескермей, өмірден іздеушісіз өтті. Қазір оның зираты Елшан ауылының сыртындағы қорымның шетінде жатыр”, – дейді М. Филипенко.
Дәрібі қиғаш дәуірдің көбік мадағы мен насихат машинасының құрбаны болған бір тағдырдың қысқаша баяны осындай. Жастығы – сәнсіз, қарттығы – мәнсіз, беделі – бекер, өмірі – зая… Діні мен ділі тоналып, ұлттық болмысы жоғалып, елдің назасын көп алып, тамырынан ажырағандардың маңдай сорын ауырлата түсетін бір тылсым күш бәрібір бар секілді. Сіз қалай ойлайсыз?..