Шииттік бағыт Исламдағы саяси мазхабтардың бірі болып саналады.
«Шииа» сөзі араб тілінде «ш-и-а» түбірінен шығып, топ, бөлік, еру, жақтау деген мағыналарды білдіреді.
Шиттер төрт негізгі топтарға бөлінеді. Олар: Ғұлат, Имамия, Исмаилия және Зайдия.
Бүгінгі күнгі Иран, Ирак, Пәкістан, Әзірбайжан және өзге де Ислам дінін ұстанатын елдеррдегі Шииттік топтар негізінен Имамия мазхабын ұстанушылар болып табылады.
Имамиялықтар «имамдықты» діннің негіздерінен деп қабылдайды және имамға сенбегеннің иманы толық болмайды, тіпті имамдық сенімді жоққа шығару, пайғамбарлықты жоққа шығарудан да жаман деген сенімде.
Имамия мазхабы өзге шииттік мазхабтар секілді Пайғамбарымыз (с.а.у) қайтыс болғаннан кейін саяси әрі рухани билікке хз. Әли мен оның ұрпақтары ғана мирасқорлық ету керек деген көзқарасты ұстанды. «Олар – Әлидің имаматын нақты тағайындау, оның бойындағы қандай да бір қасиетке ишара жасау арқылы емес, оның өзін жеке көрсету арқылы анық нұсқау деп мойындайды». Яғни имамат Пайғамбардың өз ауызынан айтылу арқылы немесе алдыңғы имамның айтуы арқылы қолдан-қолға беріледі. Алғашқы халифа хз. Әли болу керек еді деген саяси көзқарастарына Пайғамбарымыздың (с.а.у) соңғы қажылық сапардан қайтардағы Гадри Құмда хазреті Әли жайында бүкіл мұсылмандарға бас болар азамат деп айтқан хадисін дәлел ретінде келтіреді. Хазреті Әли мен оның ұрпақтарының имам болып тағайындалуын Ислам дінінің негіздерінің бірі ретінде қарастырғандықтан бұл мазхаб Имамия деп аталған. Сонымен бірге, бұл мазхаб Әли мен оның ұрпақтарынан он екі адамды имам деп қабылдағандықтан кейде «он екішілер» дегенді білдіретін «иснаашрия» деп те аталады. Сондай ақ олар сенім, ғибадат және фиқһтық мәселелер бойынша имам Жағфар ас-Садықтың көзқарастарын ұстанатындықтан «Жағфария» деп те аталады.