Шариғатымызда Рамазан айындағы парыз болған отыз күндік ауыз бекітуден өзге оразаның – адақ, кафарат, нәпіл секілді түрлері бар. Осының ішінде нәпіл оразаға барағат кешінің күндізіндегі, ашура күнгі, аптаның дүйсенбі мен бейсінбі күндері және Рамазаннан кейінгі Шәууал айындағы алты күндік ауыз бекіту кіреді. Яғни, Шәууал айында алты күн ораза ұстау сүннет амалына жатады. Бұл туралы Хақ Елшісі (с.а.у): «Кімде-кім Рамазан айында ауыз бекітіп, одан кейінгі Шәууал айында алты күн ораза ұстайтын болса, жыл бойы ауыз бекіткендей болады» (Мүсілім, Сиям: 204. Тирмизи, Саум: 53. Әбу Дәуіт, Саум: 58), деп сүйіншілеген. Алты күндік ауыз бекітудің жыл бойы тұтқан оразаға теңестірілуінің себебі, Әбу Хурайра жеткізген Алла Елшісінің (с.а.у) хадис-шарифінде: «Адам баласының жасаған қайырлы амалы он еседен жеті жүз есеге дейін еселенеді…» деп бұйырылған. Демек, Рамазан айындағы отыз күн оразамыз үш жүз күнге еселенсе, Шәууал айындағы алты күндік ауыз бекітуіміз алпыс күнге еселеніп, барлығы 360 күнге тең, яғни, жыл бойы ораза ұстағандай боламыз. Шәууал айында ауыз бекітуге ниеттенген жан алты күннің арасын үзбей ұстауына немесе бөліп-бөліп тұтуына да болады. Бұл туралы Имам Нәуәуй: Асхабтың: «Шәууал айында алты күн ауыз бекіту мұсатахап амалына жатады», сондай-ақ, олардың: «Алты күндік оразаны арасын үзбей қатар ұстаса да, арасына уақыт салып айдың соңына дейін тәмамдаса да болады» (әл-Мәжмуу фи Шархил-Муһаззаб) деп айтқанын жазып қалдырған. Дегенмен, Шәууал айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Себебі, Парасат падишасы (с.а.у): «Аптаның дүйсенбі және бейсінбік күндері жұмақтың қақпалары ашылады» деп ескерткен. Шәууал айының алғашқы күні, яғни, Ораза айт мерекесінің бірінші күні және Құрбан айттың төрт күнінде ауыз бекіту харам. Ал, Жұма күні ораза ұстау макрұһ саналады. Жұма күні нәпіл ораза ұстаудың макрұһ болуының себебі, Хақ Елшісі (с.а.у): «Жұма күні ешкім ораза тұтпасын. Егер, Жұмадан бір күн бұрын ауыз бекітсе немесе бір күннен соң жалғастыратын болса, Жұма күні ораза ұстауына болады» (Әбу Дәуіт: Саум:50) деп бұйырған. Яғни, Шәууал айының нәпіл оразасын ұстауға ниеттенген жан мүмкін болса Жұма күні ауыз бекітпегені жөн. Жалпы, Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күн ораза тұтудың жыл бойы ауыз бекіткенге теңестірілуі – Ұлы Жаратушының мейірімінің шексіз екенінің бір көрінісі. Яғни, Хақ Тағала Өзіне тән рахымымен құлының жасаған ғибадатына бірнеше есе артық сауап жазып, ақыретімізді құтқаруға илаһи мол мүмкіндік тудырады.