Сұрақ: Шәууәл айының оразасын ұстау міндетті ме?
Жауап: Исламда негізгі міндеттелген құлшылықтармен қатар қосымша нәпіл (орындалуы ерікті, сауапты) амалдар бар екені мәлім. Сол сияқты Рамазан айының парыз оразасымен қатар орындалуы сауапты оразалар да бар. Оларды мұсылман адам қаласа орындайды, қаламаса тәрік етеді. Ол өзінің ықтиярында.
Сол сияты Шәууәл айының оразасы парыз емес. Бірақ, пайғамбар (с.ғ.с.) бұл оразаның мол сауабын айтып, жігерлендірген:
«Кімде-кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады» (Ибн Мажә).
Сол себепті, мұсылман қолынан келгенше Шәууәл айының оразасын ұстауға тырысады. Өйткені отыз күн ораза ұстаған адам Шәууәл айының 6 күндік оразасының сауабын естіген уақытта жеңіл өтеп шығады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ