Сұрақ: Шариғатта кеден салығы деген түсінік бар ма?
Жауап: Шариғаттағы «үшүр» деген салық тек дәнді-дақылдарға ғана салынбайды. Мұсылман өлкесіне сырттан тасымалданған мал-мүліктен алынатын салық түрін де «үшүр» деп атайды. «Үшүр» салығы жалпы экономикада мұсылмандық мүддені қорғау мен жергілікті өнімнің бағасы нарықтағы бәсекеге төтеп беру үшін салынады. Яғни сырттан әкелінген өнімнің 1/10 пайызы мемлекеттік бюджеттің кіріс көзіне жатқызылады.
Исламға дейінгі дәуірде Араб түбегіндегі Думатул-Жандал Мусаккар Даба, Хадрамут, Сана және т.б. жәрмеңкелер мен базарлардың иелері сырттан тасымалданған мүліктің 1/10 пайызын салық ретінде алатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдинада алғашқы мұсылман базарын ашқан кезде «үшүр» салығын алуға рұқсат бермеген. М.Хамидуллаһтың пікірінше Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осындай жеңілдіктерді қарастыру арқылы Мәдина базарының мәртебесін көтеруді ойлаған. Алла Елшісінің (с.ғ.с) экономикадағы бұл саясаты өзін-өзі ақтап, Мәдина базарының мәртебесін көтерген (М.Хамидуллаһ. Ислам құрылымдарына кіріспе. 153 б).
Хз. Омар халиф болып тұрған шақта ислам мемлекетінің аумағына сырттан тауар әкеп сатқан өзге дін өкілдеріне «үшүр» салығы салына бастады. Хз. Омардың экономика жөніндегі кеңесшісі Әбу Мұса әл-Әшғари сыртқа экспортқа өнім шығарған мұсылман саудагерлерінен өзге мемлекеттердің кеден салығын алып жатқанын ескеріп, сырт мемлекеттерден ислам халифатының аумағына тауар тасушы өзге дін өкілдерінен «үшүр» салығын салу керектігі жөнінде ұсыныс білдіреді. Халықаралық экономикадағы мұсылман саудагерлерінің мүддесін қорғауды әрі мемлекет бюджетінің кіріс-көзін ұлғайтуды жөн көрген Хз. Омар бұл ұсынысты қабыл етеді (Ирфан Махмуд Рана. Хз. Омар дәуіріндегі экономикалық жүйе. 113 б). Сөйтіп, «дар-ул һарб», яғни мұсылман емес мемлекеттерден келген саудагерлердің мүлкінен «үшүр» салығы алына бастайды. Бірақ, шариғаттанушылардың пікірінше «үшүр» салығын алу мынадай шарттарындың негізінде жүзеге асқан:
- Мұсылман саудагерден шетел мемлекеті қанша көлемде кеден салығын алса, мұсылман мемлекеті де сол мемлекеттің саудагерлерінен сонша көлемде салық алады.
- Егер, мұсылман саудагердің шет мемлекетке төлеген кеден салығының көлемі белгілі болмаса, онда мұсылмандар сол мемлекеттің саудагерінің тауарының 1/10 пайызын кеден салығы ретінде алады.
- «Үшүр» салығы жылына бір рет ғана алынады.
- Егер мұсылман саудагерден шет мемлекет кеден салығын алмаса, онда мұсылмандар да сол мемлекеттің саудагерлерінен кеден салығын алмайды.
Әсілі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) дәуірінде де жәрмеңкелер мен базарларда сатуға шығарылған мүліктің 1/10 пайызы салық ретінде алынатын. Бірақ, бұл тек табыс салығы деп есептелген (М.Хамидуллаһ. Ислам құрылымдарына кіріспе. 153 б).
Құран Кәрімде табыс салығы туралы «Бақара» сүресінің 267-аятында: «Әй мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар», деп бұйырылады. Сахаба Самүре б. Жундабтың (р.а) айтуына қарағанда Хақ Елшісі (с.а.у) сатылымға шыққан мүліктен зекет беруді бұйырған (ат-Тажи, ІІ, 20). Әйтсе де, салықтың бұл түрі кеден салығына жатпайды. Кеден салығы тек мұсылман емес саудагерлерден алынған.
Дегенмен, мұсылман мемлекеттерінің «үшүр» салығы геосаяси жағдайға қарай өзгеріске ұшырап отырған. Мемлекет бюджеті тапшылыққа ұшыраған жағдайда экспортқа шығатын тауарларға да кеден салығы салынған. Мұсылмандар 1/40 пайыз, дар-ул-аһд (мұсылмандарға жизия төлеуші өзге дін өкілдері) иелері 1/20 пайыз, дар-ул һарб (ислам мемлекеті емес елдер) иелерінен 1/10 пайыз кеден салығы алынған. Бірақ, кейбір ислам ғұламалары мемлекет бюджеті қандай бір жағдайға тап болмасын, ислам мемлекетінің мұсылмандардан кеден салығын алуы дұрыс емес деп есептеген (Маннан, Ислам экономикасы. 390 б).
Ал, ислам мемлекетінің экономикалық ахуалы өркендеген кезде кеден салығы мүлде салынбаған. Мысалы, Омар б. Абдулазиз (720 ж.ө) Құран Кәрімнің «Һұд» сүресінің 85-аятында: «Адамдардың нәрселерін кемітпеңдер!», делінген бойынша негізге алып, «үшүр» салығының күшін жойған.
Мұхан Исахан