Сұрақ: Жақында намаз оқитын досым қызметте көтерілді. Сөйтіп, «билік иелері ешкіммен ақылдаспайды» деп толықтай өзгеріп кетті десем болады. Жалпы шариғат бұл тұрғыда басшыға қандай талап қояды?
Жауап: Ол азаматтың «Билік иелері ешкіммен ақылдаспайды» деген тұжырымды қайдан алғанын білмеймін. Бірақ, исламда «кеңес» деген нәрсе бар. Тіпті шариғат үкімдерін «шурамен» (ғұламалар кеңесімен) белгілейді.
Ислам тарихында пайғамбар (с.ғ.с.) әрқашан жанындағы адамдармен кеңесіп әрі санасып отырған. Ол кісі: «Барлық істерін өзара кеңесе отырып істейді» аятын басшылыққа ұстанады (Шура: 38). Пайғамбар сахабалармен кеңесуімен қатар, әсіресе белгілі салада маман адамдардың ой-пікірлерін бағалап, құрметпен қараған.
Пайғамбар өзінің кеңес құру және кеңесіп шешу әрекеттерімен кеңесудің маңызды дүние екенін білдірді. Бұл әрі қоғамдық өмірдің тәртібін қамтамасыз ету һәм адамдар үшін маңызды іс-әрекет.
Мысалы, Бәдір ұрысында қолға түскен тұтқындарға қатысты не істеу жөнінде кеңес құрады. Кеңес шешімімен соғыс тұтқындарын босату үшін белгілі мөлшерде құн төленеді немесе оқу-жазу сауаты барлары он балаға оқу-жазуды үйрету шарт болды. Осылай тұтқындар аман қалды әрі балалар да сауаттарын ашты.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ