Әсілі, Ханафия мазхабын ұстанатын Орта Азия мұсылмандары Ораза айт мерекесіне бір күн бұрын дайындалады. Бұл күнді «арафа» деп атайды. Негізінен, «арафа» сөзі Құрбан айт мерекесінен бір күн бұрын мұсылмандардың Арафат тауында өткізетін дұға жасау рәсіміне байланысты пайда болған. Кейін «арафа күні» деп Ораза айт мерекесінен бір күн бұрынғы күн де атала бастады. «Арафа күні» мұсылмандар иіс шығарып, бауырсақ пісіріп, жеті шелпек таратады. Айт күніне арнап тары түйіп жентін, сүт-айранын ірітіп ірімшігін, қарында сақталған сары майы мен қазы-қарта, жал-жаясын, тәттісі мен күлшесін әзірлейді.
Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті илаһи шуағы мол мереке. Ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңіл айдынын хақ дариясымен суарып, жүректі ақиқат сырларына малындырып, адамзат баласы «мумин» (Хаққа жан-тәнімен илану) мақамына көтеріледі. Осы илаһи жаңа леппен қауышуына орай, Алла тағалаға сансыз шүкіршілік ретінде Ораза айты күні мұсылман қауымы екі рәкат намаз оқиды. Намаздан кейін «Ораза қабыл болсын!», «Айт құтты болсын!» деп бірін-бірі құттықтап, мәре-сәре болып жатады. Осы күні дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайды.
Мұхаммед (с.а.у)-ның үмбеті Қазақ халқында айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді. Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күнгі қуаныш күйбең тіршіліктегі өкпе-назды ұмыттырып, мұсылмандардың бауырмалдығын күшейте түседі. Олай болса, отыз күнгі оразамен халқымыз тақуалық-қа бой ұрып, тектілік тұғырына көтерілсін! Ораза айт мерекесімен ұлтымыздың мерейі тасып, бірлігі мен тірлігі арта берсін деп тілейміз!