Алла Елшісі (с.а.у): «Төрт күннің күндізі түн секілді маңызды. Алла тағала бұл күндері жасалған дұға-тілекті кері қайтармайды. Олардың күнәсін кешіріп, иһсанмен қауыштырады. Ол түндер: Қадір түні, Аарафа түні, Барағат түні, Жұма түні», деп арафаның қадір-қасиетін шариғаттағы шұғылалы шақтармен теңестірген. Яғни, арафа күні мұсылман баласының жасаған дұға-тілегі қабыл болады деген сөз.
Хақ Елшісі (с.а.у): «Кімде-кім арафа күні ауыз бекітсе, өткен және осы жылғы күнәларі кешіріледі», бұйырған. Басқа хадистерде «арафа күні ораза ұстауға болмайды» деген де тыйым бар. Бірақ, фақиһтер қажылардың арафа күні ораза ұстауы физиологиясына кері әсер етпейтін болса, онда арафа күні ораза тұтуды құба-құп көрген. Демек, арафа күні ауыз бекіткен мұсылман күнәлары кешіріліп, мол сауапқа кенелмек.
Сонымен бірге, базбір ғұламалар «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар. Лә илаһә иллалаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу акбар, Аллаһу акбар уа лиллаһил-хамд» (Алла ұлы, Алла ұлы. Алладан басқа тәңір жоқ. Алла ұлы, Алла ұлы һәм Аллаға сансыз мадақ) атты таширқ тәкбір дұғасы Құрбан айт күндері оқылады десе, келесі бір ғұламалар арафа күнгі таң намазынан бастап айтылады деп көрсеткен.
Қазақ халқы арафа күні Хаққа жалбарынып, дұға-тілек жасап, алдағы Құрбан айт мерекесіне қызу дайындық жасайды. Арафа күн иіс шығарып, бауырсақ пісіріп, жеті шелпек таратады. Айт күніне арнап, тары түйіп жентін, сүт-айранын ірітіп ірімшігін, қарында сақталған сары майы мен сүрленген қазы-қарта, жал-жаясын, тәттісі мен күлшесін әзірлеп, қасиетті мерекені атап өтуге күн бұрыннан іштей әзірлік жасайды.