Бір қой немесе бір ешкі тек бір адамның атынан құрбандыққа шалынады. Бір сиыр немесе бір түйені жеті адамға құрбан етіп шалуына болады. Бірақ, құрбан малды шалуға құрамдас болғандар мұсылман болуы шарт. Оның әрбірі құрбан малдың жетіден біріне ие болуы (ақшасын тең төлеуі шарт) қажет. Және Алланың ризашылығы үшін құрбан шалуға деген ниеттері болуы керек.
Құрбан малдың екі немесе бір көзінің соқыр болуы, тістерінің көбі түскен болса, құлақтары кесілген болса, мүйізінің біреуі немесе екеуі де түбінен сынуы, құлағы мен құйрығының жартысынан көбісінің кесілуі, туылғаннан құлағы мен құйрығының болмауы, сүйегі арсиып көрінген арық болса, бауыздалатын жерге дейін бара алмайтындай ақсақ немесе ауру болса құрбан етіп шалуға болмайды.
Құрбан малдың көзі ақи болса, ақсақ болуы (бірақ өз аяғымен жүре алса), туылғаннан мүйізді немесе мүйізінің болмауы, мүйізінің бір бөлігі сынған болуы, құлақтары тілінген немесе ен салынған болса, құлақтарының ұшының кесілуі, тістерінің біразының түсуі, піштірілген болуы құрбан шалуға кедергі келтірмейді.