«Шал Ақын» атанып кеткен Тілеуке Құлекеұлы (1748-1819) – халық ақыны, Абылай ханның замандасы. Тiлеуке Құлекеұлы қазiргi Ақмола облысы Азат темiр жол станциясының маңында дүниеге келген.
Шал ақынның әкесi Құлеке Тәңiрбердiұлы – қазақ-қалмақ соғысының атақты батырларының бiрi. Абылай ханның ширек ғасырдай уақытта ең жақын қадiрлес досы, сенiмдi батыры, беделдi елшiсi болып, орта жүздiң iшiндегi ел бастаған, қолбасшы адамы еді.
Ол 1742 жылы Орта жүз атынан Ресейдің қол астына қарау туралы ант берушiлердiң бiрi болған. Абылай хан атынан Ресей мемлекетiне елшiлiкке барғаны туралы деректер сақталған.
Анасы – үйсін тайпасынан шыққан атақты Төле бидiң қызы. Құлеке мен оның ағасы Тiлекенiң соғыстағы ерлiгi жайлы әңгiмелер ел iшiнде күнi бүгiнге дейiн айтылады.
Ауызша жеткен әңгiме бойынша Шал ақын қоян жылы, 71 жасында дүниеден өткен, бұл есеппен алғанда ақын өмiрiн зерттеушiлер 1819 жылы қайтыс болды дейдi.
Ұлттық кодты тануда, сананы жаңартуда қоғамның әлеуметтік‑мәдени саласын зерттеген ойшылдардың орны ерекше. Мақаламыз, қазақ дүниетанымын таныған және қоғам бұзылуының алдын алу жолын іздеген Шал ақынның мұрасына арналады. Шал ақын, ұлттық философиямызда жыраулар дәуірі мен зар‑заман кезеңдерінің аралығында өмір сүрген. Шал ақынның шығармашылығы ұлттың тарихи шежіресін, адам мен дін туралы мәселелерді қамтиды. Аталмыш мақалада ақынның шығармасындағы адам мен дін ұғымдарын зерттеген ойларына тоқталамыз.
Шал ақынның діни-этикалық құндылықтары
Қазақтың рухани дүниетанымына қатысты мақалалардың бірінде Шоқан Уалиханов: «Менің бабам Абылай ханның замандасы. Шал ақын қазақ халқының тегі, қазақ халқын құраған рулар жайлы аңыздарды жинақтап, тамаша эпос жасады», – дейді.
Осы аз ғана сөздерден-ақ, Шал ақынның өз дәуірінің даналығын бойына сіңірген кең тынысты, қуатты ақын болғандығы аңғарылады. Шал ақын өз шығармаларында қазақ халқының ұлттық тарихи‑мәдени құндылықтарын жүйелеумен қатар, келер буынға мағыналы бағдар беретін даналықтың жолын да қалдырған.
Оның шығармашылығында адам мен діннің байланысы, адамның дінді тануы және қиянатқа апаратын мәселелердің төңірегінде көптеген құнды дүниелер қарастырылған.
Шал ақынның ақындық және шығармашылық әлемін, балалық шағын сипаттаған мына бір жыр шумақтарынан бастасақ:
Бір жаста, екі жаста бесіктемін,
Бес жаста Тәңірі берген несіптемін,
Алты жаста қайыңның тозындаймын,
Жеті жаста ойпаң жер бозындаймын,
Сегізде бала болып ойнап едім,
Тоғызда тайлы суға бойлап едім…
Он жасымда сүт емген қозыдаймын…
Он бес деген жасым-ай,
Жарға ойнаған лақтай,
– деп, ақын ерекше қызыға қарап, көзі жасаурай жырлайтын қайғысыз, қамсыз, бұ дүниенің күйкі-күйбең тірлігінен аулақ сәбилік шағына тоқталса, басқа өлеңдерінде адамның, жер бесіктен тал бесікке дейінгі аралықты қамтитын мінез‑құлық әрекеттерінің түрлі көріністері сипатталған.
Ақын шығармашылығы, әсіресе, адам өміріндегі мәнді жолды табуда негіз болған діни құндылықтардың орны мен роліне арналған.
Шал ақынның өзі туралы жырлаған:
«Елу жасқа келген соң,
Пірдің сөзін сақтадым»,
– деген жолдарын, ақынның бойына діннің асыл құндылықтары елу жасында ашылғанын байқаймыз. Дінді адамзаттың баршасы қабылдайды, бірақ діннің асыл құндылықтары жай сеніммен емес, зерттеу және зерделеу арқылы ғана ашылмақ.
Мысалы, мұндай деңгейді Абай ұстанымымен сипаттасақ:
«Іштегі кірді қашырса,
Хақтықтың түсер сәулесі,
Адамның хикмет кеудесі».
Яғни, даналыққа жетудің жолы, іштегі кірден тазарғанда ғана басталатындығын айтқан. Ал, кір деген категория Шал ақынның зерттеуінде, ол – нәпсі. Бұл туралы ақын:
«Иман – қой, ақыл – қойшы, нәпсі – бөрі.
Бөріге қой алдырмас ердің ері,
Таяқты қатты ұстап қойшы тұрса,
Жоламас ешбір пәле шайтан-пері»,
– деп, адам бойындағы иманды қойға, нәпсіні бөріге теңеп, екеуінің арасындағы күресте, қойшы образындағы ақылдың мықты болуы, нәпсінің адам бойына еніп кетуінен сақтайды.
«Ақыл» ұғымын қазақ ойшылдары Абай мен Шәкәрімнің еңбектерінде «жай ақыл», «жүрекке бағынған ақыл», «сау ақыл» деп қарастырылған. Бірінші ақыл Жаратушымен толық байланысқа түспеген, ал екінші ақыл – иманның шарттарын тану барысында, он сегіз мың ғаламның жұмбағы мен кереметін зерттеп зерделеп жеткен «нұрлы ақыл», «сау ақыл». «Нұрлы ақыл» мен «сау ақыл» Ыбырай Алтынсары мен Абай Құнанбайұлының шығармаларында «иман тақлиди» деп аталады.
Шал ақынның шығармашылығында хандық дәуірге дейінгі кезеңнің өкілдері: Яссауи, Игүнеки, Баласағұн, т.б. ойшылдардың шығармаларына тән ұқсастық байқалады. Әсіресе:
«Жаратқан Мұхамедтің нұрын құдай,
Ғаламнан он сегіз мың бұрын құдай.
Өз қандасын өзіне досты қылып,
Мұндай артық сүйер ме, құлын құдай?
Әуел құдай пайғамбар нұрын қылған,
Ғаламнан он сегіз мың бұрын қылған»,
– деген өлеңіндегі Мұхамед пайғамбардың (оған Алланың сәлемі мен беркеті болсын) құдайдың ерекше махабатына ие болған, он сегіз мың ғаламнан бұрын Алла құдай оның (сүйікті пайғамбарымыздың) нұрын жаратқаны туралы жолдарды жеткізуі, ақынның діни білімнен хабары болғанын айғақтайды.
Ақынның келесі өлең жолдарында діннің асыл қасиеттері айтылған:
«Жаратты Мекке менен Мединаны,
Жаратты иман, дұға, шын дүниені.
Мұхаммед үшбу жүрген үмметіне,
Жаратты сынамаққа бүл дүниені.
Жаратып он сегіз мың ғалам етті,
Бірісін ғалым, бірісін надан етті.
Жаратып жын-періні от пен судан,
Жаратып топырақтан адам етті».
Бұл өлең жолдарында, он сегіз мың ғаламның ішіндегі жын-перінің от пен судан жаратылғанын, сондай‑ақ, топырақтан жаратылған адамға, дүниенің өткінші сынақ екенін айта келе, мына үш ұғымға зейін қою керектігіне тоқаталған, олар: иман, дұға, шын дүние.
Алланың бірлігіне иман келтірген пенденің қаруы дұға екенін еске салып, сол арқылы – ақиқаттың жолында шынайы адами келбетінен айырылып, адаспау жолында, Жаратушыдан дұға сұрау керек екенін айтқан. Яғни, дұға дегеніміз – адамның Жаратушымен байланыс орнатуы және екі дүниенің игілігіне жетуге көмектесетін қасиетті тылсым күш.
Ал, Шал ақынның дұғасына келсек:
«Құдая, мұсылмандық дінінде қыл,
Әдәбият тұғрылық жолында қыл,
Шарабын өлімнің ішкен шақта,
Сапарымды айт, жұма күнінде қыл.
Тәнімнен ғазиз жаным айырғанда,
Иманымды ұмыттырмай тілімде қыл,
Жиылып халық соңыра саф тұрғанда,
Мұхамедке үммет болған елінде қыл».
Шал ақынның бірінші дұғасы – мұсылман болып қалу. Яғни, хақ кітаптың сипаттаған бейнесіндегі мұсылманнан болуды және уақытша болатын сынақ өмірден, есеп алаңына аттанар сәті қасиетті айдың бір күніне немесе жұмаға түсуін, одан әрі парасат майданынан аман өтіп пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігімен сәлемі болсын) үметінің қатарында болуын сұрайды.
Шал ақын діннің ең негізгі категориясына зиян тигізетін қулық, арамдық ұғымдарын келесідей түрде ашқан:
«Арам болса қашады су кісіден,
Естімеген сөз шығар сұм кісіден,
Кітап Құран айтқаны рас болса,
Ұжмақ көрер бір жан жоқ бұл кісіден».
Бұл өлең жолдарын хәкім Абайдың тілімен тарқатсақ:
«Алла ішііді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма».
Яғни, өзіңе тілеген жақсылықтарды, өзгеге тілемейінше сенімнің толық дәрежесіне ие болу мүмкін еместігін айтып, арам әрекеттің адам баласын Жаратушының мейрімінен құр қалдыратынын жеткізген.
Енді, Шал ақынның шығармасындағы жастарды ибалы, әдепті, қайырымды болуға шақырған өлеңіне тоқталсақ:
«Майда бол, жігіт болсаң, тал жібектей,
Жарамайды қатты болу тікенектей.
Білімің болса-дағы ұшан-теңіз.
Пайда жоқ өз халқыңа қызмет етпей».
Шал ақын бұл жерде мұсылман адам өзін ғана ойлаумен шектелмей, қоршаған ортаға пайдалы адам болу керектігін айтқан. Хәкім Абайдың тілімен тәптіштесек:
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үші оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың».
Ақын келесі өлең шумақтарында жігіттің бойындағы үш түрлі мінезге тоқталған:
«Бір жігіт бар – құр жан,
Бір жігіт бар – тірі жан,
Бір жігіт бар – жігіт жан,
Құр жан дейтін жігіт –
кеудесінде жаны бар, еш нәрсені бітірмейді.
Тірі жан дейтіні –
бар тапқанын киім мен асқа сатар,
жақын көрген досын жатқа сатар,
Қызыл белбеу, шоңқима етік, үкі тағып,
әркімді бір сықақ кылар.
Жігіт жан дейтін жігіт –
сегіз қырлы, бір сырлы болар».
Бірінші жігіттің кеудесінде жаны бар, бірақ еш нәрсені де бітірмейді, кеудедегі жанының еш нәрсеге талабы жоқ, жаны тәнге құл болған жігіт.
Абай мен Шәкәрім шығармаларында бірінші образ «ез адам» (езіліп қалған) деп аталады.
Екінші образдағы жігіт – өткінші өмірге мас болып, қызылды-жасылға қызығып, достыққа да берік емес, оның жұмысы елді сөз қылу, Абай Құнанбайұлының тілімен айтсақ:
«Еңбекпен етті ауыртпай,
Құр тілменен жиғаны,
Кекектеп секек етем деп,
Шошқа туар сөздері»,
– дегендей «надан адам» мен «жарым адамның» сипаттарына сай келеді.
Үшінші адам – нәпсісін билеген, жүрегі таза, әрекетінде береке бар жігіт. Яғни, бір болса да жүзге татитын «толық адам» бейнесі.
Жалпы адам баласының кемшіліктерге бой алдыруының себебі, өзін өлместей сезінгеннен шығар, ол туралы Шал ақын:
«Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,
Атадан арыстан туып ассаң-дағы.
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы»,
– деп, адам баласы бұл өткінші өмірде жолаушы, ерте ме, кеш пе мәңгілік сапарға аттанатынын ұмытпауға шақырады.
Мақаламызды А. Тоффлердің сөзімен аяқтасақ: «Миллиондаған адам өн бойында жақсы қасиеттерді орнататын, өз болмысын тауып бей-берекетсіздікті жеңетін өзіндік бірегейлікті іздейді», – дегендей, Шал ақынның шығармашылығын өзіндік бірегейлікті сақтайтын құндылық деп аяқтаймыз.
Н. ОРЫНБАСАРОВА,
Қарағанды облысы, Жарық елді мекенінің мектеп ұстазы
Ж. ТҮСІПБЕКОВ,
ҚарМТУ-дың аға оқытушысы